Гвардейск гарнизонында 52 отбасы Жаңа жылды жаңа пәтерлерінде қарсы алады

0

Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында Гвардейск қала типтес кентіндегі күрделі жөндеуден өткен 52 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов әскери қызметшілердің отбасыларына пәтер кілттерін салтанатты жағдайда табыс етті.
Қоныстой иелерін құттықтауға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев, Гвардейск гарнизонының бастығы полковник Ержан Мейірманов, ҚРҚК Әскери инфрақұрылым бас басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы запастағы полковник Бағыт Керімбаев, сондай-ақ күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген «Еділ-Жайық» ЖШС-нің басшылығы қатысты.
– Мемлекет басшылығы, Қорғаныс министрі әлеуметтік мәселелерге, оның ішінде бірінші кезекте әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге зор көңіл бөліп келеді. Сол себепті жаңа жыл мерекесіне дейін тұрғын үйді пайдалануға беруге күш салынды. Сіздерді қоныстоймен құттықтаймын! Үйлеріңіз жылы, еңбектеріңіз жемісті, отбасыларыңыз аман болсын, – деді генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов.
Әскери қызметшілердің өздері атап өткендей, бүгінгі оқиға олар үшін алдағы уақытта да үлгілі қызмет етуге ынталандыру болмақ.
– Біздің отбасымыз үшін бұл ерекше оқиға болып отыр. Біз жаңа пәтердің кілтін алдық. Басшылықтың қамқорлығы үшін көп рахмет. Туыстарымыз да қуанып жатыр, – деді инженерлік-саперлік полктің әскери қызметшісі 3-сыныпты сержант Бауыржан Өтебалы.
Шалғай гарнизондарда қызмет ететін әскери қызметшілердің әлеуметтік әл-ауқат мәселелері Қорғаныс министрлігінің ерекше бақылауында екенін айта кету керек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.