Биыл қазан айының басында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы азаматтардың зейнетақы жинағы 14 трлн теңгеден асып, бір жыл ішінде 7,8 пайызға көбейді. Көбею жинақтаудың барлық түрі бойынша байқалады: міндетті зейнетақы жарнасы бойынша өсім 7,4 пайыз болса, міндетті кәсіби жарна бойынша – 20,9 пайыз, ерікті жарна бойынша – 90,6 пайыз.
Ranking сарапшыларының айтуынша, соңғы он жыл көлемінде азаматтардың зейнетақы жинағы 4,5 есеге көбейген.
БЖЗҚ – зейнетақы жүйесінің барлық қаржылық және ақпараттық тұтқасын ұстап отырған бірыңғай оператор. Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес қор өз қызметі үшін комиссия ұстай алады. Әдепкіде БЖЗҚ үшін комиссия сыйақысы инвестициялық кірістің 7,5 пайызынан және зейнетақы активтерінің ай сайын 0,025 пайызынан аспауға тиіс деп белгіленген. Бұл ретте БЖЗҚ Ұлттық банкпен бірігіп, комиссия сыйақысын төмендету және шығындарды оңтайландыру жұмысын жүргізеді.
«2016-2017 жылдары актив комиссиясы – 0,0225 пайыз, 2018 және 2019 жылы – 0,015 пайыз, 2020 жылы – 0,011 пайыз болды. 2021 жылдан бері қор комиссиясының көлемі активтердің 0,01 пайызынан аспайтындай етіп заңмен бекітілді. Сонымен қатар 2021 жылдан бастап БЖЗҚ инвестициялық табыстан комиссия сыйақысын ұстамайды. Ол тек зейнетақы активтерін басқарушылардан (инвестициялық табыстың 2 пайызынан артық емес), Ұлттық банк және инвестициялық портфельді басқарушылардан (инвестициялық кірістің 7,5 пайызынан артық емес) ұсталады», делінген Ranking зерттеуінде.
Өз кезегінде, Ұлттық банктің 2022 жылға арналған сыйақы мөлшері БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша инвестициялық кіріс сомасының 1,8 пайызы мөлшерінде белгі¬ленді. Салыстырар болсақ, инвестициялық портфельді басқарушылардың комиссия сыйақысы келесідей: «Halyk Global Markets» – 3,5 пайыз; «Jusan Invest» – 5 пайыз; «BCC Invest» – 7 пайыз; «Сентрас Секьюритиз» – 7,5 па¬йыз; «Halyk Finance» – 5 пайыз.
Сарапшылар сөзіне ден қойсақ, комиссия сыйақысы қор қызметі үшін қажет. Түскен қаржы ақпараттық және телекоммуникациялық қызметке, бағдарламалық қамтамасыз ету қызметіне, қызметкерлердің жалақысын төлеуге, пошта және салымшыларды хабардар ету қызметіне жұмсалады.
«Комиссияның салыстырмалы және абсолютті мәндерінің төмендеуі Ұлттық банктің зейнетақы активтерінің сенімгерлік басқарушысы ретінде және жеке зейнетақы шоттарын есепке алып, салымшылар мен алушыларға зейнетақы қызметтерін көрсететін БЖЗҚ-ның дербестендірілген қаржы құралдарын инвестициялық есепке алу жөніндегі бірыңғай оператор ретінде жүргізіп жатқан жұмысының нәтижесі болып саналады. Тұтастай алғанда, бизнес-процестерді автоматтандыру және қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттыру, зейнетақы қызметтерін электронды форматқа көшіру және олардың үлесін арттыру бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде инвестициялық менеджмент пен кастодиандық қызметтерге комиссиялық шығыстар қысқартылды. Операциялардың жалпы көлемі, сондай-ақ өз активтерін инвестициялаудан түсетін кірістерден әкімшілік шығыстардың бір бөлігін жабу есебінен БЖЗҚ-ның әкімшілік шығыстары қысқартылды», деп жазады Ranking.
2021 жылдың қорытындысы бойынша БЖЗҚ комиссиялық кірісінің сомасы бір жылда 2,8 есе қысқарып, 24,7 млрд теңгеге тең болған. Зейнетақы қорлары мен басқарушы компаниялардың комиссиялық сыйақы алуы барлық елде заңды түрде қарастырылған. Сонымен бірге БЖЗҚ мен ҰБ комиссиясы әлемдегі ең төменгілердің қатарында. Мысалы, Чехияда комиссия сыйақысы инвестициялық құралдың жыл сайынғы орташа құнының 0,8, табыстың 10 пайызын құрайды; Мажарстанда – комиссия жарнаның 6, активтің 0,8 пайызын; Из¬раильде – жарнаның 6, акти⬬тің 0,5 пайызын; Литвада – өмірлік цикл үшін активтің 0,65, активті сақтау қоры үшін активтің 1 пайызын; Словенияда – жарнаның 3, активтің 1 пайызын; Ұлыбританияда – активтің 0,75 пайызын; Албанияда – жыл сайынғы зейнетақы қоры таза құнының 3 пайызын; Арменияда – міндетті жоспар бойынша таза актив құнының 1,5 және ерікті жоспар бойынша таза актив құнының 5 пайызын құрайды.
Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ