Гвардейск гарнизонындағы Құрлық әскерлерінің Оқу орталығында ант қабылдау рәсімі өтті. Іс-шараға Құрлық әскерлері қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары генерал-майор Нұрлан Алдияров пен Ауған соғысының ардагері Таласбай Терлікбаев және сарбаздардың ата-аналары мен жақын туыстары қатысты.
Айта кету керек, Қорғаныс министрлігі армияда жастардың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға ие болуы үшін жағдай жасап келеді. Осылайша, Гвардейск гарнизонындағы Құрлық әскерлерінің оқу орталығы 13 мамандық бойынша дайындықты жүзеге асырады. Олардың ішінде жол және жер қазу машиналарының жүргізушілері, далалық сумен жабдықтау мамандары, экскаваторшы, топогеодезист-есептегіштері бар.
– Әскер мектебі – өз отбасың мен еліңнің қорғаушысы болуға міндетті әрбір ер адамның қалыптасуының маңызды кезеңі болып табылады. Әскер сізге кейін өмірлік таңдау туралы шешім қабылдауға көмектеседі. Сіздердің болашақта өз тағдырларыңызды армиямен байланыстырғысы келетінін жоққа шығармаймын. Кез келген жағдайда бұл тәжірибе сіздерге пайдалы болады, – деді оқу орталығының бастығы полковник Сабит Уркинбаев.
Интерактивті оқыту құралдарымен және компьютерлік тренажерлармен жабдықталған оқу орталығының оқу-материалдық базасы оқу процесінде берік білім беруге және қажетті дағдыларды пысықтауға мүмкіндік береді. Бұған оқу сыныптарына, казармаға, асханаға және спорт залына баратын экскурсия ұйымдастырылған іс-шараға қатысушылар көз жеткізе алды.
– Бізге оқу орталығында әскери қызметшілер қосымша мамандық алуға болатынын айтты. Бүгінде бұл өте өзекті. Сонымен қатар, келесі жылы қызметтен кейін бізде жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік болады. Жалпы армиядан кейін жақсы перспективалар бар, – деп өз ойымен бөлісті Қостанайдан келген сарбаз Николай Свичаруктың анасы Наталья Владимировна.
– Мен Отан қорғаушылар қатарына кіре отырып, әскери ант қабылдадым. Қарулас достарыма Отан алдындағы борыштарыңды абыроймен атқарыңдар дегім келеді. Сондай-ақ барша қазақ жастарын тәуелсіз елімізді қорғауға шақырамын. Болашақ жастардың қолында, – деді қатардағы жауынгер Бейбарыс Бейқазақ.
Оқу орталығында алты айлық оқудан кейін әскери қызметшілер алған әскери-есептік мамандығына сәйкес жауынгерлік әскери бөлімдерге жіберілетін болады.
Шара соңында әскери оркестрдің музыкалық сүйемелдеуімен жас сарбаздар салтанатты шерумен өтті.