МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – ӨЗ БОЛАШАҒЫҢДЫ АЙҚЫНДАУ

0

ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ АЛТЫН ӨЗЕГІ САНАЛАТЫН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНА БІЛІКТІ МАМАНДАР ДАЯРЛАЙТЫН КӨШБАСШЫ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНЫҢ БІРЕГЕЙІ – ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІ.
Университетке бүгінгі таңда, көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы жетекшілік жасайды. Ол осы университеттің өз түлегі.

1983 жылы Қазақ ауыл шаруашылық институтын үздік бітіргенен кейін еңбек жолын В.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында қатардағы лаборанттан бастап, директордың орынбасары, А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директорына дейін жоғарылады. Бұдан кейін ҚР Ауыл шаруашылық министрі, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 9 жыл Басқарма төрағасы, ҚР Парламент Сенатының депутаты сияқты биік лауазымдарда абыройлы қызметтер атқарып, мол тәжірибе жинақтады.
Бүгінде ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы — ректоры ретінде Ақылбек Қажығұлұлының алға қойып отырған басты мақсаты – өзінің білім алған оқу ордасын халықаралық дәрежедегі ғылыми зерттеу университетіне айналдыру.
Әр мемлекеттің өркениеті – оның білімі мен ғылымының дамуына, кадрлардың нарықтағы бәсекелестікке лайықты болуына байланысты. Бұл тұрғыда жаңа басшының университетте қолға алып жатқан жаңа білім беру үрдістері мен инновациялық қадамдары туралы айтар ойлары да аз емес.
Бүгінде заманауи дамыған ең жақсы жоғары оқу орнында білім алып, нарықтағы сұранысқа лайықты мамандықтын иегері болу әрбір жастың арманы. Айта кету керек, қазіргі қазақ жастарының, әсіресе, ауыл балаларының білім мен ғылымды игеруге құлшынысы өте зор. Оны біздің ҚазҰАЗУ-да оқитын білімгерлерден байқауға болады. Мұнда оқитын жастардын басым бөлігі ауылдың түлектері. Себебі, туған жердің тынысын, ғажайып ауылдың табиғатын олар жастайынан көріп, біліп өседі. Сол себептен, кіндік қаны тамған ауылға адал қызмет етуді жүрек қалауымен таңдайтындары анық.
Елімізде бүгінде 6293 ауылдық елді мекен бар. Ел халқының 7,7 миллионы, немесе 40 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұрады. Тағы бір атай кететін нәрсе, ауыл халқы жас жағынан қала тұрғындарына қарағанда едәуір жас көрінеді. Мысалы, 2022 жылдың басында ауылда 65 жастан асқандар үлесі – жалпы халықтың 7,5 пайызын, қалада 8,6 пайызын құрады. Яғни, ауылдық жерлерде жастардын саны басым деген сөз. Бірақ, оларды ауылға тұрақтандыру, жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі әлі де күрделі болып отырғаны шындық.
Бұл тығырықтан шығудың басты жолы – агроөнеркәсіп саласын жүйелі дамыту, елді мекендердегі инфрақұрылым жүйелерін заманауи талаптарға сай жанғырту болып табылады. Сондықтан, тұрғындарды таза ауыз су, жарық, газбен қамту, жол қатынасын реттеу, мектептер мен ауруханалар, спорт алаңдарын салу, қолжетімді байланыс пен интернет желісін дамыту сияқты мәселелердің әрқашан мемлекеттің басты назарында тұратыны заңдылық.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында «Қазақстанның ауылшаруашылығы әлеуетін көтеру үшін елімізге жас білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлауды қолға алуды тапсырамын. Ал, жоғары оқу орындары осы мамандарды сапалы даярлауына жауап беруге міндетті» дегені бәрімізге мәлім.
Ауыл шаруашылығын көтеру үшін осы салаға көптеп мамандар даярлау, соның ішінде бәсекеге қабілетті, инновациялық технологияларды толық меңгерген жаңа буын кадрларды оқытып-тәрбиелеуіміз қажет. Бұл бағытта Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің алар орны ерекше. Бұл қара шаңырақ елімізде ең алғашқы ашылған жоғары оқу орындарының бірі. Құрылғаннан бергі 93 жылда 150 мыңнан астам білікті мамандар даярлап шығарды және осы саланың дамуына қомақты үлес қосып келеді. Соның ішінде 25 Социалистік Еңбек ері, 70-тен аса Парламент депутаттары, көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, ғылым мен агроөндіріс кешенінің басшылары, 12 мыңдай академиктер, докторлар мен ғылым кандидаттары, басқа да мамандар өсіп шығып, ел игілігі үшін абыройлы қызмет етіп келеді. Мен де сол түлектердің бірімін. Осы уақытқа дейін жасаған еңбегім, жеткен жетістіктерім осы университетте алған білімім мен тәжірибемнің арқасы деп білемін.
Университетімізде қазіргі таңда 6 факультет жұмыс жасайды. Әр факультеттің өзіндік бағыттарына сәйкес білім беру бағдарламалары бар және білім алушылар әлемдік стандарттарға сай (бакалавриат, магистратура және докторантура) үш деңгейде дайындықтан өтеді.
1) Атап айтсақ, «Агробиология» факультетінде оқитындар «Агрономия», «Топырақтану және агрохимия», «Өсімдік қорғау және карантин», «Жеміс, көкөніс шаруашылығы», «Экология», «Өсімдіктер туралы ғылым және технологиялар» мамандықтары бойынша егіс алқаптарын тиімді пайдалану, дала жұмыстарын жүргізу, инновациялық технологияларды қолдану, өсімдік сорттарын таңдау, өнімдік тұқымның жай-күйін анықтау және оларды егіске дайындау сияқты т.б. дағдыларды терең меңгереді.
2) «Технология және биоресурстар» факультетінде «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы», «Балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау», «Аквакультура және судың биологиялық ресурстары», «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы», «Қайта өндеу өндірістерінің технологиясы», «Стандарттау, сертификаттау және метрология», «Биотехнология», «Тағам қауіпсіздігі» мамандықтары аясында тамақ өнімдерінің технологиясы мен сапасын анықтау, өсімдік және мал өнімдерін қайта өңдеу, тамақ өнімдерін шығарудың қолданыстағы технологияларын жетілдіруді т.б. үйренеді.
3) Инженерлік — техникалық факультетінде «Аграрлық техника және технологиялар», «АӨК-гі цифрлық технологиялар», «Ауыл шаруашылығын энергиямен қамтамасыз ету», «Электр техникасы және энергетика», «Жылу энергетикасы», «Электр техникасы және автоматтандыру», «Механика және металл өңдеу», «Автокөлік құралдары», «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі», «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру», «Логистика» мамандықтары бойынша агроинженерлер тәрбиеленеді. Олар машина-трактор паркін өндірістік, техникалық пайдалану, жөндеу, техникалық қызмет көрсету және сақтауды ұйымдастыру; машина жасау негіздерін, технологиялық процестерді және технологиялық жабдықтауды меңгеру; жолаушылар тасымалын басқару, жол қозғалысын ұйымдастыру және бақылау, ақпараттық жүйелердің әртүрлі компоненттерін жобалау және әзірлеу сияқты күрделі бағдарламаларды игерген бесаспап маман болып шығады.
4) «Ветеринария» факультеті өзінің аты айтып тұрғандай, «Ветеринарлық медицина», «Ветеринарлық санитария» және «Ветеринарлық тағам қауіпсіздігі және технологиялар» мамандықтарын дайындайды. Бітірушілер жануарларды емдеу әдістемелерін қолдану; ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізу, шаруашылықтарда, кәсіпорындарында ұйымдастырушылық мәселелерді шешу, ғылыми зерттеулер жүргізу, ветеринарлық-санитарлық ережелердің орындалуын бақылау, биологиялық және тағам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді зерттеу бойынша т.б. біліктілікке ие болады.
5) Су, жер және орман ресурстары факультетінде «Жерге орналастыу», «Кадастр», «Су ресурстарын басқару», «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау», «Гидротехникалық құрлымдарды жобалау», «Орман ресурстары және орман шаруашылығы», «Ағаш өңдеу негіздерімен орман ісі», «Ландшафттық дизайн және көгалдандыру» мамандықтары бойынша білім алады. Әлемдік үздік инновациялық технологияларды, жаңа білімдерді іздеу және оларды жергілікті жағдайларға бейімдеу; су қауіпсіздігі мәселелерін шешу, су, жер, орман қорларын қорғау, әрі тиімді пайдалану жолдарын анықтау; табиғи ресурстарды пайдалануды бақылау, мониторингтеу және бағалау; жерді аймақтарға бөлуді, жер ресурстарының жай-күйі мен қолданылуының тақырыптық карталары мен атластарын жасау және т.б. нақты бағыттар оқытылады.
6) «Бизнес және құқық» жоғары мектебінде «Экономика», «Менеджмент», «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Аймақтық даму», «Маркетинг», «Есеп және аудит», «Қаржы», «Бағалау», «Юриспруденция» білім беру бағдарламалары бойынша экономикалық және ұйымдастырушылық сипаттағы міндеттерді шешу; бизнес процестерді жоспарлау, ынталандыру және бақылау; өндірісті басқару, тауар немесе қызмет түрлерін, сапасын жылжыту, жарнамалау, өткізу, тарату іс-шараларын іске асыру; кәсіпорындардың бухгалтерлік есептерін кәсіби деңгейде ұйымдастыру, статистикалық деректерді, ақпараттарды өңдеу; сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы заңнамаларды жан-жақты игерген білікті мамандар дайындалады.
Университеттің негізгі мақтанышы – оның түлектері екені анық. Түлектеріміздің көпшілігі ірі шаруашылық, өндіріс орындарын ұйымдастыру және басқару ісінде, облыстық және республикалық дәрежеде, алыс және жақын шетелдерде түрлі қызметтер атқаруда. Бүгінде ҚР Президент әкімшілігінде, Үкімет пен Парламентте, министрліктер мен комитеттерде, ғылыми-зерттеу институттарында, өңірлік жер, су, орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінде ел игілігін еселеуге үлес қосып жүрген әріптестеріміз жеткілікті.
Біздің университет білім беру саласындағы кадр дайындаушы жоғары оқу орны ғана емес, сонымен қатар, агроөнеркәсіп саласын дамыту мақсатында өзекті ғылыми жобаларды орындап, оның нәтижесін өндіріске енгізу, ғылыми жетістіктерді, инновацияларды құру және дамытудағы көшбасшы орталық болып табылады. Бір ғана мысал, университет ғалымдарының қатысуымен «Агроуниверситет» оқу-тәжірибелік шаруашылығы базасында дақылдардың 15 түрі бойынша 100-ден астам жоғары өнімді сорттары отырғызылып, жергілікті климаттық жағдайға бейімделді.
Қазіргі күні көптеген ауылшаруашылық өнімдерінің тұқымын, көшетін шетелден алып отырмыз. Шындығына келсек, Қазақстан осы өнімдермен өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуына ықпал ету үшін, үздік инновациялық технологиялар мен жаңа білімдерді іздестіру, тарту және енгізу мақсатында АҚШ, Нидерланды, Италия, Қытай, Ресей сияқты елдермен нақты ғылыми жобалар шеңберінде ашылған 4 ғылыми-зерттеу институты, 8 инновациялық орталық, 49 заманауи зерттеу зертханасы, 18 халықаралық зерттеу орталығын біріктірген Агротехникалық Хаб жұмыс істейді.
Агрохабта ең сәтті жүзеге асырылған жобалардың бірі – «UAV GROUP». Жас ғалымдар ұшқышсыз басқарылатын, бортында арнайы сенсорлары бар аппараттардың көмегімен жерді қашықтықтан зондтау әдісін енгізді. Зерттеу нәтижесінде алқаптардың интерактивті карталары жасалынды. Бұл технологиялар фермерлерге тыңайтқыштарды, гербицидтерді қолдануды оңтайландыруға көмектеседі, дақылдардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Корнелл университетімен бірге 2019 жылы ашылған Өсімдіктерді микроклоналды көбейту зертханасында 3 миллион данаға дейін бактериалдық күйікке және басқа да ауруларға төзімді, жаңа сау көшеттер алынады.
Сондай-ақ, қазіргі заманғы ең озық 75 трактор, комбайн және басқа да ауыл шаруашылығы техникасымен толықтырылған Қазақстан-Беларус агроинженерлік инновациялық орталығы, 14 зерттеу лабораториясын қамтитын Халықаралық Су хабы университет ғалымдарына халықаралық, ұлттық ғылыми жобаларды орындауға және олардың нәтижелерін өндіріске енгізуге мүмкіндік берді.
Жыл сайын университеттің 700-ден астам студенті шаруашылықтарда 7 айға дейін тәжірибенің барлық түрінен өтеді, бұл оларға инновациялық технологияларды – «шикізаттан дайын өнімге дейін» толық меңгеруге мүмкіндік береді.
ҚазҰАЗУ осы қалыптасқан өзіндік ғылыми мектебін, заманауи технологиялық әзірлемелері мен кадрлар даярлаудың озық жүйесін қалыптастыруды одан ары дамытатын болады.
Сонымен қатар, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары шет мемлекеттердің озық жоғары оқу орындарында тәжірибеден өтіп, өз білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алып отыр. Мәселен, қазіргі уақытта АҚШ, Нидерланды, Словакия аграрлық университеттерінде бірнеше докторант, Стамбул және Шығыс Финляндия университеттерінде ветеринария факультетінің 25 студенті білім алуда.
Университет ұстаздармен қатар АҚШ, Қытай, Польша, Ресей және басқа шетелдердің үздік ғалымдары да келіп (немесе онлайн форматта) дәрістер береді.
Бүгінде жүйелі жұмыстар нәтижесінде университет 9 ұлттық және халықаралық рейтингте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Қазіргі уақытта QS рейтингісінде әлемдегі ең үздік 5 мың университеттің арасында 481-ші орынды, QS Азия аймақтық рейтинг бойынша ТОП 200 үздік университеттер қатарында 162-ші, Орталық Азия университеттері арасында 5-ші орынды иеленді.
Мақсат – 2024 жылға қарай QS-400 рейтингі бар әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу университеті атану. Ол үшін білім-ғылыми инфрақұрылымдарды кеңейту, көшбасшылық қасиеттерді, стратегиялық бастамалар мен инновацияларды ынталандыруға бағытталған тиімді менеджментті дамыту – басты назарымызда болмақ.
Адам баласы тек білім-ғылым арқылы ғана дүниені таниды, табиғаттың құпия сырларын дамытады, техниканы өрістетеді, қоғамды ілгері бастырады. Болашағын айқындап, келешекке бағыт белгілейді.
Осы орайда, жастардың қаласы – Алматыда жоғары білім алғысы келетін ұлдар мен қыздарымыз аз емес. Бұл ретте, мектепті үздік бітірушілер, пәндік олимпиадалар мен жарыстардың жеңімпаздары, талантты балалар университетімізге жеңілдікпен қабылданатынын баса атап кеткім келеді. Оқу орнында білім алушылар үшін барлық жағдайлар жасалған. Жастарды жан-жақты кемелденген тұлға етіп тәрбиелеу бағытында Олжас Сүлейменов атындағы орталық, «Таза планета» ғылыми-танымдық орталығы, Студенттердің өзін-өзі басқару ұйымы, «Зиялы қазақ» студенттік дебат клубы, «Аялы алақан» қайырымдылық ұйымы, КВН «Жайдарман» клубы, А.Жұбанов атындағы оркестр, «Алтын дән» вокалды-аспапты ансамблі, спорттық үйірмелер тұрақты жұмыс жасайды. 10 Студенттік үй әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсетеді.
Әрине, оқу дегеніміз диплом алумен аяқталмайды. Ол өмір бойы жалғасатын, толыға беретін асыл қазына. Тек өз ісінің нағыз маманы ғана ЖОО-да алған білімін, тәлім-тәрбиесінің нәтижесін өмірде, нақты істерде қолдана алады. Аграрлық университеттің барлық түлектері осыны жақсы түсінеді деп ойлаймын. Олардың өз ауылдарына барып, алдыңғы қатарлы маман ретінде елге қызмет жасауын бәріміз қалаймыз.
Әрине, ол үшін жастарды ауылдық жерлерде тұрақтандыру мәселелерін мемлекеттік деңгейде қарастыруды, алыс аймақтарда әлеуметтік, мәдени шараларды ұйымдастыруды, спортпен айналысу мен жастардың рухани өсуін тұтас қоғам болып бірлесе ойластырғанымыз жөн.
Бұл абыройлы міндетті жүзеге асырудың түпкі мәні – еліміздің ауыл шаруашылығын жаңа биіктерге көтеру.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің
Басқарма Төрағасы — ректоры,
ҚР ҰҒА академигі

Leave A Reply

Your email address will not be published.