Ұстаздық – жүрек қалауы мен асқан төзімділікті, мейірім мен үлкен жауапкершілікті талап ететін қасиетті мамандық. Өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнап, өз ісіне адал қызмет етіп келе жатқан еңбек адамдарының бірі – Ақмарал Сабырова.
Ақмарал Сеилқызы ширек ғасырдан асатын педагогикалық өтілі бар, ұжымда беделді, мол тәжірибе жинақтаған орыс тілі мен әдебиеті пәнінің білікті мұғалімі. К.Карасаев атындағы Бішкек гуманитарлық университетінің түлегі. Кейіпкеріміз еңбек жолын 2000 жылы №33 негізгі мектепте бастаған. Содан бері мыңдаған баланы Пушкин мен Достоевскийдің тіліне баулып келеді.
-Ұстаздық жолға жүрек қалауыммен келдім. Әдебиет әлеміндегі соңғы жаңалықтарды біліп отыруға, сыныптағы оқушыларды барынша қызықтыруға тырысамын. Қазіргі балалар жан-жақты, білімді болып өсіп келеді. Мұның бәрі мені сөзсіз қуантады. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ өрелі тақырыптарды қозғай алатын шәкірттерімнен зор үміт күтемін, — деп бөлісті педагог.
А.Сабырова бір жылдары №47 және №51 орта мектептерде еңбек етіп, 2008 жылдан бері Шерхан Мұртаза атындағы (бұрынғы №6 негізгі мектеп) орта мектепте дәріс беріп жүр. Қызмет бабымен мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі, оқу ісі жөніндегі орынбасары да болған. Алайда, негізгі ұстанымы – ұстаздық жолын бір сәтке де шет қалдырған емес.
-Әрине, ұстаз бен бала арасындағы этика мәселесі де бар. Ұстаз өз оқушыларына үлгі бола алатындай білімді, білікті, салмақты әрі инабатты тұлға болуы керек деп ойлаймын. Себебі енді жетіліп келе жатқан оқушылардың дүниені қабылдауы ұстазына да қатысты болады, — дейді мұғалім.
Сабырова Ақмарал Сеилқызының еңбегінің жемісі – оның шәкірттерінің жетістігі. Оқушылары әртүрлі байқауларда жүлделі орынға ие болып, олимпиадада жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Бұл – ұстаз еңбегінің шынайы бағасы.
-Мұғалімдік жолымның алғашқы жылдарынан бастап шәкірттерім аудандық, облыстық, республикалық білім додаларында топ жарды. Бұл жетістіктер менің ынта, талабымды қуаттай түсті. Мәселен, Карина Тоқтарбек, Азалия Мурзабаева, Аяжан Сыдық, Нұрай Тұрғанбай сынды шәкірттерім аудандық, облыстық пән олимпиадаларында жеңіске жетіп, республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері атанды, — дейді кейіпкеріміз.
Педагог қазіргі заман талабына сай әрдайым ізденіс жолында жүреді. Бірнеше жыл қатарынан «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының жеңімпазы болған. Бұл еңбегі мектеп, аудан және облыс баслышығы тарапынан елеусіз қалған жоқ. Жамбыл облыстық мәслихатының және Қордай ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Ақмарал Сабырова ұлағатты ұстаздықпен қатар отанасы – күйеуі Жеңіс Дәнеғұлов екеуі қыздары Асылымды тәрбиелеп отыр. Жеңіс Ермекбайұлы №19 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып істейтін танымал атбегі болса, Асылым биыл №4 Б.Бөлтірікова атындағы орта мектептің 11 сыныбында оқып жүр. Өнегелі ата-анасының жолымен ол көптеген пәндік олимпиадаларда топ жарып, үздік оқиды.
Ұстаз болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет. Бұл жолда төзім де, сабыр да, ізгі ниет те, үлкен жауапкершілік те қажет. Күн сайын жүздеген баланың мінезін танып, әрқайсысына ерекше көңіл бөлу оңай іс емес. Бірақ ұстаздың жүрегі кең, мейірімі шексіз. Ол әр шәкіртін өз баласындай көріп, әр жетістігіне қуанады, әр сәтсіздігіне бірге күйінеді. Ауданымыздағы барлық білім мекемелерінде қабілет пен қасиетті бойына сіңіре білген ұстаздар жетерлік. Уақытпен санаспай, еліне қалтқысыз қызмет етіп, жас ұрпақты бақытқа жетелеп жүрген ұстаздарға толағай табыс, шығармашылық шабыт тілейміз.
Анжела ИЗАЕВА