Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков жеке қабылдауға жазылған тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, маңызды мәселелерді шешу жолдарын қарастырды.
Жеке қабылдауға тұрғындардың тілегі бойынша аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Алдын ала қабылдауға 11 азамат жазылды. Айта кетерлігі, бұл қабылдау көптеген көкейтесті мәселелерді шешуге сеп болды. Қабылдауға келген азаматтардың көбісі тұрғын үй мәселесін шешу бойынша көмек сұрап келген. Сонымен қатар, Қаракемер ауылы тұрғындарының атынан келген Б.Қыйлыбаев ауылдық медпунктінің ескі ғимаратын жалға беру мәселесін арқалап келген екен. Қаракемерліктер аудандық аурухана теңгерімінде тұрған ғимаратта кондитерлік цех ашып, мүмкіндігінше ауыл мектебіне көмектесуге ниетті.
З.Мусабаева және К.Исламов аудан басшысын «Үміт сәулесі» қоғамдық қайырымдылық қорының қызметімен таныстырса, зейнеткер Т.Нышанова Қордай ауылының Жібек жолы көшесінде орналасқан 5 қабатты 60-пәтерлі үй мәселесін алға тартты.
И.Хонанның мүддесін білдірген С.Хахар Байтерек ауылында жер учаскесімен байланысты мәселені шешуге көмек сұрады. Қабылдау барысында көтерілген мәселелер бойынша заң аясында түсіндірулер беріліп, оларды шешу жолдарын қарастыру тиісті бөлімдерге жүктелді.
БАСШЫМЕН ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТА
Prev Post
Next Post