МЕКЕНІМІЗДЕГІ МЕДИЦИНАНЫҢ ТАРИХЫ

0

Биылғы мерейтойлы жылы ауданның маңызды саласы – денсаулық сақтау мекемелерінің тарихын айналып өте алмаймыз.
Қордайлықтардың денсаулығын сақтау мен медициналық көмек көрсететін аудандық орталық аурухананың «жүріп өткен» жолы жайлы айтар болсақ, 1928 жылы Георгиевкада мемлекет қаржысына 10 адамдық аурухана салынды. Алғашқы дәрігер Павел Милованов болды, оның қарамағында бір медбике мен қарауыл ғана бар еді. 1930 жылы аурухананың бас дәрігерлігіне А.С.Чириков тағайындалды. Сондай-ақ, Қасық пен Благовещенка селоларында фельдшерлік пункттер, Қаракемер, Черная речка, Успеновка селоларында дәрігерлік пункттер ашылды. 1930 жылы ауданда 3 дәрігер жұмыс істеп, олар әртүрлі науқастарды қабылдауға мәжбүр болды.
1932 жылы Георгиевка селосында қауіпті аурулардың бірі безгекпен (маляриямен) күресетін станция ашылып, оның ұйымдастырушысы әрі басшысы дәрігер Рябов болды. Бұл аурумен күресті күшейтуде дәрігер О.В.Вразовская нәтижелі жұмыс жүргізді. 1959 жылы бұл станса жабылды.
1939-1940 жылдары ауданға арнайы маман дәрігерлер келе бастады. Олардың қатарында жоғары білімді дәрігерлер К.Пундани мен Ж.Шурина бер еді. Қордайлық бойжеткен Шурина Жәмила қазақ қыздарынан алғашқылардың бірі болып 1933 жылы Мәскеу медициналық институтына түскен. Оны 1939 жылы аяқтап, туған жері Қордай ауданына оралды. 1945 жылы ол акушер-гинеколог дәрігерлігіне маманданып, осы жұмысты абыройлы атқарды. Ол мыңдаған сәбилерді дүниеге аман келтіріп, жүздеген операцияларды сәтті жасады. Аудандағы көптеген елді мекендерде перзентханалар мен акушерлік пункттер ашылуына ықпал етті. Алыстағы малды ауылдардағы шұғыл медициналық көмекке өзі баратын.
1941-1945 жылдары ауданға тағы бірнеше дәрігерлер мен медбикелер келіп, ауруханадағы төсек-орындар, яғни терапия, хирургия, балалар ауруханасы мен перзентхананың әрқайсысында 10 орындар қосымша ашылды.
1948-1963 жылдар аралығында аудан орталығының ауруханасында өте білікті дәрігер-хирург Юшкевич Людвиг Антонович жұмыс істеді. Ол науқастарға өзі ота жасап, білікті мамандар Ж.Шурина мен А.Рыженконы да үйретті. Ауданға жаңа келген жас терапевт Киржалова мен М.И.Добрынина, балалар дәрігері М.Ахмет-Заде медицина қызметінің тиімді әрі сапалы болуына бір кісідей еңбек сіңірген дәрігерлер. Бұлардан соң амбулаторияға невропатолог Вразовская, окулист Романова және ЛОР-дәрігері Балбала Тілепбергенова жұмысқа келеді.
1940-1950 жылдары Красногор селосында — 30, Лубзаводта — 20, Трудовикте — 30, Благовещенкада – 10 төсектік учаскелік ауруханалар ашылды.
Соғыс кезеңінде орталық ауруханадан құрылған терапевтік бөлім бар мүмкіндігінше қызмет көрсетті. Бұл бөлімді ең алғаш ұйымдастырған дәрігер Кириллова 1943 жылға дейін істеп, одан соң дәрігер Е.Пундани, Кривозубова, Г.Иткина, М.Добрынина, М.Ахмед-Заде т.б. еңбектенді. 1958 жылдан бастап бөлімді В.Диркс басқарды. Қарақоңыз, Степное сияқты елді мекендерде М.Шабалдин, А.Шурыгина сынды білікті дәрігер мамандар қызмет көрсетті.
1950-1957 жылдарда аудан орталығындағы аурухананың терапия және хирургия бөлімдері 30 орынға, инфекциялық жұқпалы аурулар бөлімі 20 орынға арттырылды.
1953 жылы аудандық орталық емханада рентген кабинеті ашылды. Дәл осындай рентген кабинеттер, 1954-1957 жылдары Красногор, Лубзавод, Успеновка мен Ауқатты селоларында, 1957 жылы Красногор, Лубзавод және Ауқатты ауылдарында ота жасау блоктары ашылды.
Осы кезеңдерде Қарақоңыз селосынан трахомотоз диспансері ашылып, аудан бойынша көзі ауыратын науқастарды 1968 жылға дейін қабылдады. Бұл науқастарды емдеуде Краснодар мединститутының түлегі Е.И.Пилюгина еңбек етті.
1956 жылы тұңғыш туберкулезге қарсы диспансер ашылып, 1958 жылға дейін оның бас дәрігері болып Е.Журбина істесе, одан кейін 40 жыл бойы бас дәрігер Краснодар медициналық институтын тәмамдаған Е.А.Астушева еңбек етті. Осы диспансерде дәрігер-фтизиатор болып П.К.Гейдебрехт қызмет атқарып, жұқпалы аурудың қауіпті түрімен ауырған көптеген науқастарды емдеді.
Кеңес үкіметі адамдар денсаулығына ерекше назар аударып, партияның әрбір съезінде, бесжылдық, жетіжылдық жоспарларда ауқымды тапсырмалар қабылданып, оның орындалуы қатаң бақыланып отырды. Соның нәтижесінде медицинаның жаңа құралдары, ғылымның жаңа тәсілдері, дәрі-дәрмектердің сан түрлерімен қатар, ең бастысы, медицина кадрларына ерекше мән берілді. Аудандар мен қалаларға Кеңестің түкпір-түкпірінен жоғарғы оқу орындарын бітірген дәрігер мамандарды жолдамамен жіберіп отырды. Соның дәлелі 1958-1964 жылдары Қордай ауданына Ленинград, Харьков, Киев, Краснодар, Солтүстік Осетия сияқты аймақтарынан 15 дәрігер келіп, қызметке кірісті. Олардың қатарында — Доев Борис Меткаевич болды. Ол 1959 жылы Солтүстік Осетияның медициналық институтын бітіріп, Красногор селосындағы учаскелік ауруханада 4 жыл бас дәрігер, одан кейін 40 жыл бойы Қордай ауданының бас дәрігері болып, аудандағы медицина саласының заман талабына сай дамуына, облыс аумағында алдыңғы қатарда болуына бар күш-жігерін, білімін, тәжірибесін жұмсады.
Дайындаған А.ТҰРҒАНБАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.