30 қаңтар мен 3 ақпан аралығында №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пән олимпиадасының аудандық кезеңі өтті.
Білім додасы екі бағытта – жаратылыстану-математикалық (– математика , физика, химия, биология, география, информатика пәндері) және қоғамдық-гуманитарлық бағыт (қазақ тілі мен әдебиеті,орыс мектептерінде оқытылатын қазақ тілі, қазақ мектептерінде оқытылатын орыс тілі, орыс тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, ағылшын тілі пәндері) бойынша өтті. Шараның өту барысымен танысуға аудандық білім бөлімінің басшысы С.Әшірбеков арнайы келіп, мақсаты айқын, талабы ортақ жеткіншектерге сәттілік тіледі.
Аудан бойынша олимпиадаға қатысуға жалпы 715 оқушы өтініш берген. 30 қаңтар, яғни шараның алғашқы күні математика пәнінен 75 және физика пәнінен 48 оқушы өз білімдерін сынаса, 31 қаңтар күні орыс сыныптарындағы қазақ тілі пәнінен 32 оқушы, Қазақстан тарихынан 74 және орыс тілі пәнінен 33 оқушы білім сайысына қатысты. 1 ақпан күні білімгерлер география, информатика, орыс тілі пәндерінен бақтарын сынады. Ал олимпиаданың төртінші күні химия пәні бойынша 41, биология пәнінен 67 оқушы қатысып, бесінші күні білім бәсекесі қорытындыланды.
Айта кетейік, олимпиада кезінде оқушылар «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорының «El Umiti» цифрлық онлайн платформасы арқылы қосылған жеткілікті техникалық қуатты камерасы бар компьютерлерді қолданды.
Олимпиаданың негізгі мақсаты мен міндеті – оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттыру, дарынды балаларды анықтау үшін қажетті жағдай тудыру, халықаралық олимпиадаларға қатысатын оқушыларды іріктеу және даярлау, еліміздегі білімнің беделін көтеру болып табылады. «Біз бәсекеге қабілетті дарынды ұрпақ тәрбиелеуге міндеттіміз. Бұл ретте пәндік олимпиадалардың ықпалы зор. Себебі, пән олимпиадаларының басты мақсаты да зияткерлік дарынды балаларды анықтау, дамыту және қолдау, оларды жетістікке жетелеу. Бүгінгі таңда әлемнің жүзден астам елінде пән олимпиадалары өткізіліп тұрады. Біздің елде де оқушылар арасында он төрт пәннен Республикалық пән олимпиадасы өткізіледі. Жүйелі дайындық және тынымсыз еңбек – пәндік олимпиаданың шыңын бағындыруға қажетті ең негізгі критерий. Болашақ қазақ ғалымдары бүгінгі олимпиада жеңімпаздарынан шығады деген үміттеміз. Олимпиада жүлдегерлері болашақта қазақ білімі мен ғылымының дамуына сүбелі үлес қосатынына сеніміміз мол», — дейді ұйымдастырушылар.