ЕЛДАНА – АҒЫЛШЫНША АКЦЕНТСІЗ СӨЙЛЕЙДІ

0

Суреттегі мына сүйкімді қызды таныдыңыз ба? Бұл үш жасында ағылшынша еркін сөйлеп, әлеужелі қолданушыларын тәнті қылған Елдана Желеу
есімді бүлдіршін.

Дарынымен дараланған балақайдың видеосы бүгінде екі миллионнан астам қаралым жинаған. Оның шет тілінде судыратып сөйлегеніне таңданған көпшілік «акценті тура ағылшындардікіндей екен», «дыбыстарын айтсаңызшы! Тіпті мен бұлай сөйлей алмаймын», «нағыз талант, қазақшасы да таза, тіл көзден аман болсын» деген пікірлер қалдырған. Кейбірі алғыр бүлдіршінге «болашақта полиглот болады» деген болжамдарын да айтуда.
Бірнеше күннің ішінде елімізге танымал болып, көпшіліктің ықыласына бөленген кішкентай жұлдыз – өзіміздің жерлесіміз, Қордай ауданы Әлжан ана ауылының тұрғыны болып шықты. «Тикток» желісіне Елдананың видеосын оның әпкесі жүктеген екен. Ата-анасы бұл бейнежазба мұндай танымалдылыққа ие болатынын күтпепті. Қыздарының ерекше қабілетіне өздері де аң-таң болған екен. Елдана – үйдің ортаншысы. Оның мектеп жасындағы ағасы және жеті айлық інісі бар. Анасы Кәмшат Әлжан ана ауылындағы №23 орта мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Бүгінде декреттік демалыста отырған ол «шаңырағымызда шет тілінде сөйлеспек түгілі, сөз де білмейміз» деп күледі. «Тілі қазақша шыққан. Ағылшын тіліне деген қызығушылығын ең алғаш өткен жылдың көктемінде байқадым. Бізге ағылшынша сөйлеп, тақпақ-өлеңдер айтып жүрді. Үйде бәріміз қазақша сөйлейміз, балабақшада да шет тілі сабағын өтпейді. Телефоннан шет тіліндегі мультфильмдерді ғана көріп, өз бетімен үйреніп алыпты. Әзірге мультфильмдердегі фразаларды, өлеңдерді және әліпбиді жатқа біледі. Ағылшынша сөйлеші деп әдейілеп сұрасаң айтпайды, бірақ көңілі келсе көлдей, бар өнерін көрсетеді», — дейді анасы.
«Болар бала бесігінде бұлқынар» дегендей, Елдана сәби кезінен ерте жетіліп, қатарластарынан әлдеқайда бұрын тәй-тәй басып, тілі де ерте шығыпты. Жасынан жаңа нәрсені үйренуге жаны құштар, зерек болып өсіп келеді. «Денсаулығына байланысты үйде білім алатын ағасына ұстаздары келгенде бұл да жағаласып, жанында жүреді. Ағасы сабақ оқып болса, енді мен оқимын деп шығады. Оқулықты өте жақсы көреді. Қызым сол ағылшын мультфильмдерінің әсерінен кітап оқуға деген қызығушылығы артып, білімге зейіні артып келеді», — дейді анасы Кәмшат.
Елдана ағылшыннан бөлек, орыс тілінде де анық сөйлейді. Үш жасар «полиглот» республикалық телеарналар мен бірнеше ақпараттық порталдарға сұхбат беріп те үлгерген. «Видео тарап кеткеннен кейін бізбен «Ктк» телеарнасындағы «Астарлы ақиқат», «Қазақстан» телеарнасындағы «Өмір көркем» бағдарламалары және «Tengrinews», «Azattyq» порталдарының тілшілері хабарласты. «Өмір көркем» бағдарламасына онлайн бейнебайланыс арқылы шығып, сұхбат бердік. Ал «Астарлы ақиқат» бағдарламасы студияға шақырды, бірақ қызым студиядан, камералардан жатырқап, тележүргізушінің сұрақтарына жауап бермей қойды. Кішкентай болғандықтан, әлі көпшілік жерлерге үйрене қоймаған, ұялады. Сондықтан, шақыртқан өзге телеарналарға барудан бас тарттық», — деп бөлісті Кәмшат ханым.
Енді перзентінің бойындағы ерекше дарынды дамыту үшін ата-анасы оны арнайы тіл курстарына, келешекте ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектепке бермек.
Сұхбат барысында Кәмшат ханым тағы бір қызықты дерекпен бөлісті. Елдана қызымыз текті әулеттің ұрпағы екен. Дәлірек айтқанда, оның атасы ауданымыздың мақтанышы, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат әйел Балжан Бөлтірікованың немере інісі. Осы орайда «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген тәмсіл ойға оралады. Елдана да Балжан Бөлтірікова әжесі секілді ой-санасы сәулелі, ел игілігі жолында қызмет қылатын ұлтымыздың бетке ұстар азаматы болсын деп тілейміз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.