Осыдан 34 жыл бұрын, 1989 жылдың 15 ақпанында кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғаны тарихтан белгілі. Он жылға созылған алапат талай отбасын қара жамылтып, қайғы жұттырды. Сұм соғыстың зардабы, қыршыннан кеткен боздақтардың ерлігі ешқашан да ұмытылмайтыны сөзсіз.
Бүгінде Қордай ауданында 108 Ауған соғысының ардагері бар. Сейсенбі күні аудан әкімі Бегзат Болатбеков сол бір қан майданда қаһармандық пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен бір топ азаматтарды қабылдап, құрмет көрсетті. Жылы жүздесу барысында Бегзат Сейсенқұлұлы бұл күндер тарих қойнауына көшкенімен, адамзат санасынан еш уақытта өшпейтінін, интернационалист-жауынгерлердің өжеттігі жастарға үлгі екенін тілге тиек етіп, оларға зор алғысын жеткізді.
Өз кезегінде Ауған соғысы ардагерлерінің атынан Дәулет Қырғызбаев аудан басшылығына елеп, лайықты құрмет көрсеткендері үшін ризашылығын айтты. Бұл күні Ауған соғысының ардагерлері – Берік Камзаев, Ақылбек Мамбетов, Ринат Амеркулов, Салек Касанов, Юрий Крень, Азамат Муратов, Мұхтар Мінісқұлов, Айдын Садықов, Ерлан Керімқұлов, Дәулет Қырғызбаевқа аудан әкімінің құттықтауы және арнайы сыйлық пен гүл шоқтары табысталды.
Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді
Prev Post
Next Post