20 ақпан күні аудан әкімі Бегзат Болатбековтың жұмыс сапары Қақпатас ауылдық округінде жалғасты. Аудан басшысы алдымен Беріктас ауылы, атап айтқанда 28 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке ат басын тіреді. Білім ошағының жалпы жағдайы, оқыту процесі, жылыту маусымының барысы жайында аудандық білім бөлімі, аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінің өкілдері мен мектеп басшылығы баяндады. Осы ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттің дәрі-дәрмекпен қамтылуымен, жылыту қазандығының жағдайымен танысты.
Бұдан соң Қақпатас ауылындағы фельдшерлік-амбулаториялық пунктке соғып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсету сапасы, дәрі-дәрмекпен қамтылуы, басқа да маңызды тұстар жайымен танысқан аудан әкімі шешімін күткен мәселелер болса ашық айтуды ескертті.
Осы Қақпатаста құрылысы жүріп жатқан мәдениет үйі ауыл тұрғындары көптеп күткен нысан. Бегзат Болатбеков осы құрылыс басына барып, мердігерлермен сөйлесіп, жұмыстың сапалы орындалуы, құрылыс стандарттарының сақталуы қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар құрылысты аяқтау мерзімін де ұмытпаған жөн. Осындай тағы бір құрылыс нысаны – ауылдық учаскелік инспектордың тұрғын үйі. Құрылыстардағы жұмыс барысымен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшылығы таныстырып өтті.
Ары қарай Мұстафа Шоқай атындағы орта мектептің жұмысын қарап шыққан аудан әкімі осы жерде ауыл тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында округ тұрғындарының сұрақтарын тыңдап, туындап тұрған мәселелерді жеке бақылауына алып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Аталған жиында шешімін күткен бірқатар ортақ мәселелер сөз болды. Олар бойынша әкім жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктеді.
Б.Болатбековтың жұмыс сапарының келесі нүктесі – Степной ауылдық округі болды. Округке қарасты Арал ауылына барған аудан басшысы кіре берісте былтыр ғана бой көтерген Санжар Асфендияров атындағы негізгі мектептің жұмысымен танысып, білім саласы өкілдерімен сөйлесті. Мұндағы жұмыс барысы және жылыту маусымының қалай өтіп жатқандығы, әрине, назардан тыс қалмады.
Бұдан соң округ құрамындағы екінші ауыл — Қалғұтыға жол тартып, білім ошағы және медициналық нысанды аралап көрді.
Ал Степной ауылында Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің қалыпты жұмыстарына қанық болған аудан басшысы, мәдениет үйін аралап көріп, осы жерде жиылған ауыл халқымен сұхбаттасты.
Ауыл халқы үшін мұндай кездесулердің жөні бөлек әрі аудан әкімімен тікелей диалог барысында көптің тілеуі болған көкейтесті мәселелерді ашық айтуға мүмкіндік алады. Сапар барысында ауылдықтардың мұң-мұқтажын тыңдаған аудан басшысы әр мәселені шешу маңыздылығын ерекше назарға алды.