Спорт – денсаулық кепілі
Гвардейск гарнизонында 22 наурыз – ұлыстың ұлы күні мерекесі қарсаңында әскери қызметшілер арасында волейболдан жарыс өтті.
40-шы «Отар» Әскери базасының бастығы – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Ержан Мейрмановтың басшылығымен өткізілген спорттық шараны гарнизондық спорт кешенінің күрестен жаттықтырушы 2-ші сынып сержанты Өсер Итебаев ұйымдастырды.
Жарысқа 11 команда яғни гарнизондағы барлық әскери бөлімдер мен әскери полиция бөлімі қатысты. Қатысушы командалардың мақсаты гарнизон бастығының ауыспалы кубогын жеңіп алу болатын. Ойын барысында қатысушы командалар қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып жақсы ойын көрсете білді. Бұл шараның жыл сайын дәстүрге айналғанын айта кеткен жөн.
Ойын соңында жеңімпаздар анықталып, 21450 әскери бөлімінің командасы 1-ші орынды жеңіп алса, 30212 әскери бөлімінің командасы 2-ші орын алды. Ал үшінші орынды 82796 әскери бөлімінің командасы иеленді. Шара соңында үздік ойыншылар мен жеңімпаз командаларға грамоталар мен медальдар және ауыспалы кубогы табыс етілді.
– Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған спорттық іс-шарамыз қауіпсіздік шаралары сақтала отырып, ойдағыдай өтті. Жарысқа қатысушы командалардың дайындығы жақсы деп айта аламын. Олар белсенділік танытып жақсы ойын көрсетті. Жарыс – ойын шарттарына сәйкес әділ өткізілді. Жарыстың қорытындысы бойынша үздік ойыншылар мен жеңімпаз командалар марапатталды, – дейді бас төреші 2-ші сынып сержанты Өсер Итебаев.
Гвардейск гарнизонының
баспасөз қызметі