«ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ – БЕСІГІҢДІ ТҮЗЕ»

0

Отбасының басты қызметі – баланы тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең негізгі бөлігі. Ата-ана нәресте дүниеге келген кезден бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Ұялмайтын ұрпақ өсіру үшін баланы дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс айқындауға, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге дағдыландыру маңызды.

Ата-бабаларымыздан мирас болып қалған көптеген отбасылық әдет-ғұрып, салт, өзіндік дәстүр бар. Тал бесіктен тәрбие дұрыс берілсе, өскелең ұрпақ аталған салт пен сананы, дәстүр мен ғұрыпты өз жолынан жаңылыстырмай, темірқазықтай ұстанары хақ. Отбасы құндылықтарын насихаттаудың қазіргі кезде маңызы өте зор. Адами құндылықтар шет қалып жатқан қазіргі қоғамда аталмыш мәселенің туындауы да заңды.
«Балапан ұясында не көрсе, соны алады» деген сөз бар. Отбасының мәнін түсініп, қолдауын көріп тәрбиеленген бала, өзі отбасын құрған кезде де сол құндылықтарды насихаттауды әрі қарай жалғастырады. Бұл, өз кезегінде, шаңырақтағы ұрыс-керістің, түсінбеушіліктің жолын кеседі. Егер отбасы мүшелері бір-бірін жақсы көретін, қолдайтын, сыйлайтын болса, онда бұл отбасында құт-береке, бақ, дәулет орнығуы әбден мүмкін.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан отбасын сақтап, отбасылық дауларды азайту үшін көптеген шаралар қолға алынуда. Оның ішінде, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының бастамасымен бірқатар пилоттық жобалар қолданысқа енгізілген. Мысалы, «Отбасылық сот» жобасына сәйкес, соттар, отбасылық қатынастардан туындайтын дауларды барынша жан-жақты қарап, тараптарға татуласып, дауды бітімгершілікпен шешуге мүмкіндік береді. Бұл жұмысты татуластырушы-судьялар жүргізеді және іс бойынша түпкілікті процестік шешім қабылдағанша, сол істі қарайтын судья да жүргізеді. Осы мақсатта аудан, қала әкімдерінің жанынан арнайы ресурстық жұмыс топтары құрылды, Билер кеңесі, Аналар алқасы қалыптасты. Бұның барлығы осы санаттағы даулардың санын азайтуға, отбасын сақтап қалуға және отбасында орын алған дауларды отбасы мүшелерінің қатысуымен, солардың келісімімен шешуге бағытталған.
Қазіргідей уақыт тар заманда адамдар бір-бірін тыңдауға көңіл бөле бермейді. Соның кесірінен күнделікті күйбең тіршілікте өз балаларының, ерінің немесе зайыбының көңіл-күйін, оның өмірінде болып жатқан өзгерістерді, күйзеліске ұшыратқан мәселелерді біле бермейміз. Бұл маңызды мәселеден қоғам да сырт қалмауы тиіс. Себебі, қазақта «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген терең мағыналы сөз бар. Қоғам болып, әр отбасының жеке өміріне араласпай, сырттан көмек қажет болған жағдайда туындаған мәселелерді соттан тыс немесе сотқа дейінгі тәртіппен реттеуге ықпал жасау үлкен мәселелердің алдын алатынын ұмытпайық.

К.БЕРДЕНОВ, Қордай аудандық сотының судьясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.