Аудандық қоғамдық кеңестің үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жоспарына сәйкес аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты аудандық кітапхана, Сортөбе, Ауқатты, Масаншы ауылдық кітапханаларының халыққа көрсетілетін қызметтеріне ішінара зерделеу жүргізілді.
Зерделенген барлық кітапханаларда төмендегідей кемшіліктер анықталды:
Оқырманның формуляр карталары жоспарды орындау үшін формальді түрде толтырылады, оқырмандармен хабарласу мүмкін емес, формуляр мен күнделік сәйкес емес, БАҚ-пен байланыс жоқ, оқырмандарды тарту үшін үгіт насихат жұмыстары жүргізілмейді, кітап қорын күтіп ұстау режимі сақталмаған, ауаның ылғалдылығын бақылайтын-психрометрлер еш жерде орнатылмаған, стационарлық емес қызмет көрсету ұйымдастырылмаған /қарттар немесе мүгедектігі бар адамдар үшін/, құлағы нашар еститін немесе естімейтін, көзі нашар көретін немесе көрмейтін адамдар үшін аудио, видео таспалар мен кітаптар тіптен жоқ.
Кітапхана қызметінің негізгі бағыттарының бірі оқырмандармен жұмыс, демек жеке жұмыс-оқырмандарды тіркеу, абонементте қызмет көрсету, кітап таңдау кезінде ұсыныс жасау, оқылған кітаптар туралы кеңес беру, жаңадан түскен кітаптар бойынша жарнамалық кеңес өткізу жұмыстары жатқызылады. Өкінішке орай, бұл жұмыстар ұйымдастырылмаған. Отырыста тиісті шешімдер қабылданып, ұсынымдар берілді. Атап айтатын болсақ, аудан кітапханаларын мүмкіндігінше ғимаратпен қамтамасыз ету, жылыту жүйесін жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына ауданға берілген (оқырмандар саны, келім саны, кітап берілген саны) жоспарды қайта қарау туралы ұсыныс берілді.
Б.ҚАРАМОЛДАЕВА, Қордай аудандық қоғамдық кеңесінің төрайымы