ҚОРДАЙ ЖҰРТЫНА АУЫЗАШАР БЕРІЛДІ

0

Былтыр Рамазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ақорда төрінде алғаш рет ораза тұтқан жамағатқа дастархан жайылып, ауызашар берілгені көпшіліктің есінде. Биылғы Қасиетті айда Президенттің игі бастамасының жалғасы ретінде еліміздің барлық облыс, аудандарында халыққа арналған ауызашарлар ұйымдастырылуда. ҚР Президентінің атынан ауызашарға арналған ақ дас-тархан аудан орталығында да жайылды. Қордай аудандық орталық мешітінде дайындалған дастарханнан қордайлық тұрғындар дәм татты.
Сауабы мол шараға аудан әкімі Бегзат Болатбеков те қатысты. Аудан басшысы мұндай жиындар халықты береке-бірлікке шақыратынын, жақсылыққа бастайтын дәстүрлі дінімізді дәріптейтінін атап өтті. Шараға арнайы келіп қатысқан Жамбыл облыстық мешітінің наиб имамы, РАНТ мүшесі Нұралы Бақытұлы барша қордайлықтарды қасиетті рамазан айымен құттықтап, халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеудің маңыздылығына кеңінен тоқталып өтті.
Ал Қордай аудандық мешітінің бас имамы Асқар Зәкіржанұлы дастархан басына жиналған қауымға оразаның қадір-қасиеті туралы әңгімелеп, өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне ерекше тоқталып кетті. Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, қоғам белсендісі Исхар Лоу салиқалы ойларымен бөлісті. Осылайша мұсылмандық парыздарын өтеп жүрген Қордай ауылының тұрғындары бүгінгі сауапты істі өткізіп отырған аудан басшылығына ризашылықтарын білдіріп, тарасты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.