2020 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жариялады. Онда басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, экономиканы дамытуға, өнеркәсіптік әлеуетті ашуға, ауыл шаруашылығын, көлік-логистикалық кешенді, шағын және орта бизнесті және қаржы саласын дамытуға, елдің аумақтық дамуын жаңғыртуға және қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалар топтамасы айтылды.
Сондай-ақ, Жолдауда Президент қолжетімді әрі сапалы білім мен отбасылық-демографиялық жағдайға, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселелеріне алаңдаушылық білдірді. Алдымыздағы өзекті міндеттердің бірі — халықтың әл-ауқатын арттыру үшін жұмыс істеуге міндетті әртараптандырылған және технологиялық экономиканы құру деп атады. Осылайша, елдің жаңа экономикалық бағыты мынадай 7 негізгі қағидатқа негізделетін болады: пайда мен міндеттерді әділ бөлу; жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі; әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарықтарды ашу; өнімділікті арттыру, экономиканың күрделілігі мен технологиялылығын арттыру; адами капиталды дамыту, білім берудің жаңа түріне инвестиция салу; қоршаған ортаны қорғау; мемлекеттің негізделген шешімдер қабылдауы және олар үшін қоғам алдындағы жауапкершілігі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол 700 мыңнан астам кәсіпкерге бұрын жеңілдіктер берілгенін еске салды. Жалпы, шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі жұмыстың басты нәтижесі 2025 жылға қарай оның ЖІӨ-дегі үлесін 35%-ға дейін, ал жұмыспен қамтылғандар санын 4 миллион адамға дейін ұлғайту болуы тиіс. Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару, кадр саясаты, шешімдер қабылдау жүйесі және олардың орындалуы үшін жауапкершілік тәсілдерін өзгерту қажеттігін атап өтті. Қазақстанда Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ел Президентіне тікелей бағынатын болады. Шешімдері түпкілікті болатын реформалар жөніндегі жоғарғы Президенттік кеңес құрылады. Сондай-ақ, Президент пандемия мен мемлекеттік органдардың көптеген қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіру үрдісі мемлекеттік аппаратты қысқарту қажеттігін көрсеткенін атап өтті. «Мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдетуді тапсырамын. Биыл 10%-ға, ал келесі жылы тағы 15%-ға қысқарту керек. Осылайша, шенеуніктер санын 2021 жылы 25%-ға қысқарту міндетін шешеміз», — деді Қ.Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мемлекеттік аппаратты одан әрі қысқарту туралы шешім нәтижелерге байланысты және цифрландыруды ескере отырып қабылданады, үнемделген қаражат есебінен қалған қызметкерлердің жалақысы көтеріледі. Мемлекет басшысының пікірінше, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір аспектісі Заңның үстемдігінсіз және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берусіз сәтті жүзеге асырыла алмайды. Алда мемлекеттің азаматтардың мүдделеріне қызмет етуінің жаңа стандарттарын әзірлеу бойынша үлкен жұмыс тұр. Бұл ретте шешуші рөл атқаратын құқық қорғау және сот жүйелері реформаларды күтуде.
Қ.Тоқаев барлық прогрессивті әлемде полиция институты сервистік модель негізінде дамып келе жатқанын атап өтті. «Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін адамдармен ашық диалог жүргізуге үйрету маңызды. Бұл бағыт кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесінде басымдыққа айналуы тиіс», — деді. Сонымен қатар, оның пікірінше ІІМ құрылымы қайта қарауды талап етеді және министрлікті бейінді емес функциялардан босату қажет. Бұл оның жұмысының тиімділігін арттырады. «Біз табиғи және техногендік апаттар дәуіріне кіргенімізді ескере отырып, төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру қажет деп санаймын», — деді Қ.Тоқаев. Сондай-ақ, ол учаскелік инспектордың мәртебесін заңнамалық түрде арттыру, оған өнімді жұмыс үшін барлық мүмкіндіктерді беру, ал олар өз кезегінде азаматтардың құқығын белсенді түрде қорғауы тиіс екенін атап өтті. Қ.Тоқаев пандемиядан туындаған дағдарыс қоғамды дәрігерлердің еңбегін бағалауға үйреткеніне назар аударды. Бастапқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажет. Ол халықтың қалың тобына, соның ішінде ауыл тұрғындарына барынша ұтқыр әрі қолжетімді болуы тиіс. Пандемия сирек кездесетін мамандықтағы дәрігерлерді: эпидемиологтарды, инфекционистерді, реаниматологтарды, пульмонологтарды, кардиологтарды даярлау бойынша, сондай-ақ біздің елімізде барлық дәрі-дәрмектер мен медициналық препараттарды өндіру қажеттігі жөніндегі мәселені өткір қойды. Өйткені бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі болып табылады. Ел Президенті елдегі отбасылық-демографиялық жағдай туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, Қазақстандағы әрбір алтыншы отбасы балалы бола алмайды. Әлеуметтік сауалнамалар көрсеткендей, бұл қазақстандықтардың шамамен 20%-ның ажырасуына негіз деп санайды, сондықтан ол Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында педофилдер үшін жазаны қатаңдатуды және оларды ұстау шарттарын өзгертуді тапсырды. «Мұндай қылмыскерлер кешірім жасау және ертерек босату құқығынсыз қатаң жазаға лайық. Олар барынша қауіпсіздігі қатаң мекемелерде ұсталуы тиіс», — деді Қ.Тоқаев.
Жолдауда барлық реформалардың базалық элементі және ұлттық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің негізгі құралы цифрландыру үрдісі деп аталды. Бұл ретте саяси реформалар азаматтарды мемлекет басқаруына неғұрлым кеңінен тартуға бағытталуы тиіс. Қайта құрулардың негізгі мақсаты — бүкіл мемлекеттің жұмыс істеу тиімділігін арттыру. Жолдауда дағдарыс жағдайындағы мемлекеттің іс-қимыл жоспары баяндалған. Бірақ реформалардың түпкілікті табысы әрбір қазақстандыққа байланысты, сондықтан Қазақстанның азаматы ретінде, елдің патриоты ретінде барлық қазақстандықтарды Президентімізді қолдауға және бар күш-жігерімізді тұрақтылықты, бейбітшілікті, елдің игілігі мен өркендеуін сақтауға, жаңа Жолдаудың бағыттарын іске асыруға бағыттауға шақырамын.
Руслан Нұрсипатов,
аудандық мәслихат хатшысы