Аудан әкімінің тұрғындармен жеке кездесулері өзекті мәселелерді құзырлы органдарға жедел жеткізуге және шешу жолдарын анықтауға мүмкіндік беретін тиімді диалог алаңы болып табылады. Мұндай кездесулер жергілікті билік пен халық арасындағы сенімді нығайтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.
Сәрсенбі күні Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков тұрғындармен кезекті кездесу өткізді. Қабылдауға бірнеше ауылдық округ әкімдері мен аудандық мекеме, тиісті бөлім басшылары қатысты. Әкіммен кездесуге алдын ала жазылған тұрғындар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын айтып, өтініштерін жеткізді.
Көтерілген мәселелердің басым бөлігі тұрғын үй, жер телімдері, материалдық көмек көрсету, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар жеке өтініштерге қатысты болды. Мәселен, Ноғайбай ауылының тұрғыны «Damubala.kz» платформасы бойынша қосымша қаржыландыру мәселесімен қайырылды. Айта кетейік, «Damubala.kz» — 4 пен 17 жас аралығындағы балаларға арналған жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасының ресми платформасы. Бұл сайт арқылы ата-аналар балаларын мемлекет есебінен тегін үйірмелер мен спорттық секцияларға тіркей алады.
Аудан әкімі Бегзат Болатбеков барлық өтініш-тілектерді мұқият тыңдап, әр мәселені заң аясында шешу жолдарын түсіндіріп, жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Анжела ИЗАЕВА