Биыл бітік өнімге үміт басым

0

Ауданда көктемгі дала жұмыстары қызған шақ. Білегін сыбанып, іске кіріскен шаруалар көктемнің әр күнін мейлінше пайдаланып, мол өнім алу үшін аянып қалмауда. Биыл 129 240 гектар алқап егіндік пен дақылдарға, көкөніске арналып отыр.
Қордай ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметтерге сәйкес осы күнге дейін жаздық арпа 42315 гектарға егілген. Бұл жалпы жоспардың 91%-ын құрап отыр. Сонымен қатар, картоп 1200 га, дәндік жүгері 1020 га, көкөніс дақылдары 3194 га, оның ішінде пияз 1650 га, қырыққабат 18 га, қияр 35 га, қызанақ 25 га, асханалық сәбіз 98 га, бақша дақылдары 200 га, майлы дақылдар 250 га, қант қызылшасы 40 га. Бұл бүгінгі күнге атқарылған жұмыс. Шаруалар жоспарға сәйкес барлығына үлгереміз деп отыр. Сондай-ақ, биыл мал азығына көп жылдық шөп 2900 га, бір жылдық шөп 11500 га себілген. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша бұл жұмыстар қазір қарқынды жалғасуда, жақын күндері толығымен аяқталады деп күтілуде.
Жұмыс процесі тоқтамауы үшін техника сай болғаны жөн. Осыны ертеден ескерген аудан шаруалары биылғы көктемгі дала жұмыстарына тыңғылықты дайындықпен келді. Қазір алқаптарда 1122 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылып, оның ішінде 641 трактор, 154 соқа, 150 қопсытқыштар, 154 дән сепкіштер және 23 дән улағыштар толығымен іске кіріскен.
Бітік өнім алудың бірден бір жолы – тыңайтқыш. Биыл ол бойынша проблема туындамауы тиіс. Қазіргі таңда «КазАзот» ЖШС арқылы 14 шаруашылық 304,6 тонна аммиак селитрасын алуға келісім шартқа отырып, толығымен қол жеткізген. Ал, жалпы 2023 жылға аудан бойынша қажетті минералдық тыңайтқыштардың көлемі – 10 200 тонна болса (аммиак селитрасы – 5 500 тн, аммафос — 2000 тн, басқа түрлері – 2 700 тн). Осының барлығы қазіргі таңда қажет еткен шаруаларға қолжетімді болып отыр.
Несібесін даладан терген шаруа үшін суармалы судың молдығы үнемі алаңдатушылық тудырып отырады. Әсіресе, көрші елге сол жағынан тәуелді болып отырған ауданымыз үшін бұл үнемі өткір тұратын мәселе. Қазіргі кезде Шу өзенінен келген аздаған сумен «Георгиевка» қосалқы каналында профилактикалық және тазарту жұмыстары жүргізілуде екен. Каналдың «Оң жағалауында» Халықаралық «Европа қайта құру және даму банкінен» бөлінген қаржыға гидротехникалық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнде «Қақпатас» су қоймасында 10 млн текше метр және «Қарақоңыз» су қоймасында 8,5 млн текше метр, «Ешкілі — Қордай» су қоймасында 1,5 млн текше метр, «Майбұлақ» — 0,3 млн текше метр су жиналған.
Биылғы жылы арзандатылған дизель отынының тасымалдау және тарату жұмыстарын әдеттегідей «Элемир» және «Азия Нефтепродукт» ЖШС-і операторлары атқаруда. Шаруашылықтар тапсырыстарды Қордай ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы жасауда.
Сонымен қатар, Аграрлық несие корпорациясымен «Кең дала» бағдарламасы арқылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге несиелендіру жүргізілуде. Бүгінде осы бағдарлама бойынша 10 шаруашылыққа 179,69 млн теңге несие беріліпті.

Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.