Жүгері еліміздегі маңызды ауыл шаруашылық дақылдарының бірі болып табылады және мал шаруашылығын дамытуда ерекше маңызға ие. Бұл дақыл негізінен дәнге және көк балауса түрінде егілсе де, тағамдық мақсатта аздаған көлемде пайдаланылады.
Әсіресе Қордай ауданында жүгері силос дайындаудың басты дақылы ретінде айрықша бағаланады. Сонымен қатар, ол басқа астық жем-шөптермен бірге малдың қоректенуіне қажетті маңызды компонент ретінде саналады. Қордай ауданының ауылшаруашылық құрылымдарының бірі – «Бай-Нұр» шаруа қожалығы – қысқы мал азығын дайындау ісіне белсенді атсалысуда. Танымал шетелдік «Джон Дир» маркалы ауыл шаруашылығы техникаларын пайдалана отырып, шаруашылық ауқымды жетістіктерге жетіп отыр. Қазіргі уақытта осы қожалықта жүгері дәнін ораққа алу кезеңі жүріп жатыр. Кең көлемді 150 гектар жерге егілген жүгері комбайндар арқылы бірден қамбаға тасылып, силос жасауға дайындалуда. Бұл – мал азығын тиімді және сапалы дайындаудың ең жақсы жолы. Шаруашылық меңгерушісі Досым Асылбек құрылым жұмысы жөнінде пікір білдірді:
«Қазіргі таңда жұмыстар қарқынды жүруде. Шаруашылық жұмыстарына 7 бірлік ауылшаруашылық техникасы жұмылдырылып, 8 қызметкер еңбек етіп жатыр. Егіс алқабының жалпы көлемі 150 гектарды құрайды»,-деді ол.
Бұл көрсеткіш аудан бойынша мал азығын жинау және дайындау жұмыстарының жүйелі және ұйымдасқан түрде жүргізіліп жатқандығын дәлелдейді. «Бай-Нұр» шаруа қожалығының тәжірибесі Қордай ауданындағы ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа деңгейге көтерілуіне үлес қосуда. Мұндағы ауылшаруашылық техникаларының заманауи және сенімділігі, сондай-ақ кәсіби мамандардың еңбегі өнімділіктің жоғары болуына мүмкіндік беріп отыр. Техника мен адам еңбегінің үйлесімді жұмысы мал азығын жыл бойы жеткілікті көлемде дайындап, мал шаруашылығының тұрақты дамуына негіз болғаны анық.
Жүгері силосы – малдың сау әрі өнімді болуының басты кепілі болғандықтан, оның оңтайлы дайындалуы мен жылдам тасымалы арнайы ұйымдастырылған процестерді талап етеді. Бұл тұрғыда Қордай ауданының «Бай-Нұр» құрылымының тәжірибесі басқа өңірлерге үлгі. Сондай-ақ, аудан шаруалары мал азығын дайындаудағы жаңа технологияларды кеңінен қолдануға ұмтылады.
Жалпы алғанда, жүгерінің мал шаруашылығындағы орны ерекше және оның тиімді өндірісі ауылдағы шаруалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсерін тигізуде. Қордай ауданындағы заманауи техникамен жабдықталған, ұйымдастырылған өндіріс процесі мен еңбекқор мамандардың тұтас күш біріктіруі ауыл шаруашылығының дамуына мол серпін беріп, ағымдағы жылы жақсы өнім алуға сенімділік туғызуда. Мұның бәрі еліміздің ауыл шаруашылығын әрі қарай нығайтуға және мал шаруашылығының әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Әділет САТЫШЕВ