«Қаракемер-Еңбек-Қарасай» жолдарын орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тапсырыс беруші – Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімі. Жұмысты Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорны атқаруда. Техникалар мен қажетті материал жеткілікті.
Ноғайбай, Сарыбастау, Шарбақты ауылдарына газ құбырын тарту жұмыстары қарқын алды. Қазір Шарбақты ауылының ішіндегі газ құбырын салу жұмыстары жанданған. Газ құбырларын жүргізу жұмысын мердігер мекеме «Gas Energy Construction» ЖШС қолға алып, қазіргі уақытта жалпы 52 шақырым газ құбырының 44 шақырымы қазылып бітіп, 8 шақырымында қазу жұмыстары жалғасуда. Табиғаты көркем мекен тұрғындары биылғы қысты көгілдір отынмен қарсы алуы бек мүмкін.
Ноғайбай ауылында ауыз су тарту мен су құбыры желісінің құрылысы жүруде. Қазіргі таңда су құбырының 19,5 шақырым магистралі төселген. 145 дана магистральдік құдық, 130 дана сервистік құдықтары орналастырылыпты. Сондай-ақ, 131 метрден артезиандық 2 су ұңғымасы қазылып, 50 текше метрлік мұнара мен 300 текше метрден 2 су қоймасы (резервуар) тұрғызылған. Мұнда электр жүйесі де жүргізіліп, сорғы стансасы және күзет ғимараты соғылған.
Сондай-ақ, Сарыбұлақ және Степное ауылдарында былтыр басталған ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталуға таяу. Мердігер «Мелиоратор» ЖШС сапа мен мерзімге мән береді деп ойлаймыз.
Бетқайнар мен Қақпатаста 180 орындық мәдениет үйлері бой көтеруде. Бетқайнар ауылында мәдениет үйінің құрылысы қарқын алды. Қабырғасын көтеру жұмыстары аяқталуға жақын. Көп ұзамай құрылысшылар шатырын жауып, ішкі жұмыстарына кіріспек.
Қарасай, Ауқатты, Қарасу ауылдарында спорттық сауықтыру кешендері салынуда. Қарасудағы спорт кешенін «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС, Қарасайдағы кешенді «Әділ-Құрылыс и К» ЖШС салуда.