ҚОРДАЙДАҒЫ ТІРЛІК КӨПКЕ ҮЛГІ

0

Бизнес бастасам, өз ісімді дөңгелетсем деген азаматтарға 21 сәуір күні тамаша мүмкіндік туындады. Қордай ауданында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен көшпелі керуен өтті. Оған облыстың он ауданынан аудан әкімдерінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасарлары, ауыл шаруашылығы бөлімдері басшылары, кәсіпкерлер және қызығушылық танытқан тұрғындар қатысты.
Қордай ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаевпен бірге келген қонақтар бірінші болып «Гринвилл» ЖШС-нің 4 гектар алқапты алып жатқан жылыжай өндірісі жанында бас қосты. Онда «Тараз» ӘКК-де «Ауыл аманаты» жобасы аясында Жамбыл облысындағы халықтың табысын арттыруға арналған пилоттық жобаның бесінші бағытын масштабтау шеңберінде ауыл тұрғындарына жоспарлы жеңілдікті несие беру (ақшалай қаражат 2,5 пайыз мөлшерлемемен беріледі) бойынша түсініктеме берілді. Серіктестік базасында болған кездесуде алдымен «Ауыл аманаты» жобасы, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұсынған жеңілдіктер турасында агротехникалық қызмет жетекшісі Берікбол Мәндібаев түсініктеме беріп өтті. Ал, «Гринвилл» ЖШС басқарушы директоры Евгений Таранов жылыжай құрылысына кететін қаржы, жалпы жылыжай технологиясы туралы ақпаратымен бөлісіп, семинарға қатысушылар тарапынан түскен сұрақтарға жауап берді.
Жылыжай салуда соңғы жылдары облыс бойынша көш бастап жүрген Қордай ауданындағы тірлік көпке үлгі болып отырған жайы бар. Семинар ұйымдастырушылар осыған аса мән берген сияқты.
Осыдан кейін семинар қатысушылары Қордай ауылындағы «Эко Чикен» кооперативінің жаңадан салынып жатқан құс фермасының жұмысымен танысты. Кооператив өкілі Мади Төребай жалпы ферма құрылысының неден басталатыны, оған қажетті қаржы, балапандарды өсірудің озық технологиясы турасында кең көлемде түсініктеме беріп, қызығушылық танытқан жағдайда өзге аудандарға барып, аталмыш фермамен айналысуға қолдау көрсететіндерін жеткізді. Бірақ, құс өсіретін ферма орналасатын орынның ерекшелігі, елді мекеннен алшақтығы туралы заңдылықты қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Осыдан соң семинар қатысушылары аталмыш кооперативтің жұмыс істеп тұрған фермасында болып, жалпы құс өсіру, «Эко Чикен» бағыты бойынша бизнес бастауға байланысты толықтай ақпараттарға қанық болды.
Үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану, мал шаруашылығын дамыту, азық және жайылым проблемаларын шешу үшін ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану, кооперативтерді қажетті техникамен жабдықтау, тұрғындардың өз кәсібін ашу бойынша да тақырыптарды қамтыған семинар жемісті болды деп нық сеніммен айта аламыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.