ТЫЛДАҒЫ ҚАЗАҚ АНАСЫНЫҢ ЕҢБЕГІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

0

Ұлы Жеңіске жету жолында қару асынып, ұрыс даласына аттанған майдангерлермен бірге тыл ардагерлері де аянбай тер төкті. Сұрапыл соғыс жылдарында бел жазбай еңбек етіп, басына түскен ауыртпалықтарды жеңе білген тыл еңбеккерлері қандай құрметке де лайық.
Жеңісті жақындатуға үлес қосқан батыр аналардың бірі – Бәтима Нүсіпбаева. 1923 жылы бұрынғы «Молотов» колхозы, қазіргі Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген тыл ардагері тірі болғанда биыл 5 шілдеде 100 жас мерейтойын атап өтер еді. Мереке қарсаңында саналы ғұмырын бүгінгі ұрпақтың бейбіт өміріне сарп еткен ананың өмірі мен еңбек жолы турасында сыр шертуді жөн көрдік.
Бәтима апаның балалық шағы елдегі ағайынға қара жамылдырған ашаршылық жылдарымен, одан кейінгі сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген. Ауылдың жас-кәрісіне қарамастан еңбекке жұмылдырылды. Жастайынан жұпыны өмірді де, жоқшылықты да көрген батыр ана еңбекке ерте араласып, он жеті жасынан трактор тізгініне отырған. «ХТЗ» тракторын айдауды үйреніп, арна қазу, қора көтеру, тағы басқа ауылдың кез келген жұмыстарына білек сыбана кіріскен. Ауданның егін шаруашылығының дамуына үлес қосып, ерте көктемнен бастап ала жаздай тас түйін еңбек етіп, қызылша алқабында тер төккен.
Ұлы Отан соғысы кезінде тылдағы еңбектің бел ортасында жүргендер майдандағы сарбаздарды азық-түлікпен, шикізатпен қамтамасыз еткені белгілі. Бәтима апа да күндіз алқапта, кешкісін үйде шұлық тоқып, май шайқап, майдан даласына жөнелтіп тұрған екен. Ол кезеңдерде Бәтима апа секілді өзге де аналар үй мен түздің жұмысын қатар алып жүріп, таңның атысынан кештің батысына дейін еңбек еткен. Көзі тірісінде ұл-қыздарына сол кездердегі естеліктерді әңгімелеп, бірге жұмыс талғамай тер төккен құрбы-замандастарын жиі еске алып тұрыпты. Замандастары Күлсара, Күлпаршын, Ұмытшақ, Зейнехан, Қайшан, Зина, Сағиман, Бүбін, Аққыз және тағы көптеген әжелердің есімдерін жиі айтып отыратын.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы «Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» деп айтып кеткен. Расында, Ұлы Жеңісті жақындатуға сол заманның ұрпақтарының қосқан үлесі өлшеусіз. Майдандағы жауынгерлер де, тылдағы еңбеккерлер де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еліміздің азаттығы үшін барын салды. Соғыс аяқталған соң, тыл ардагерлерінің еңбегі бағаланып, жоғары дәрежелі марапаттарға ие болған. Бәтима апа да «Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 50 жыл», «60 жыл», «65 жыл», «70 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
Ер-азаматты оқ қинаған, бала-шағаны жоқ қинаған заманда Бәтима апа түздегі жұмыспен қатар бала-шағасын да өсіріп-өндірген. Жеті баланы дүниеге әкелгені үшін «Күміс алқа» медалімен, КСРО кезеңіндегі көп балалы аналарға берілетін «Медаль материнства» төс белгісімен марапатталған. Бүгінде ұл-қызынан тараған ұрпағы сол асыл әжелерінің арқасында бейбіт күннің шаттығына бөленіп отыр.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.