ЕРЛІГІ ОНЫҢ МӘҢГІ ЕСТЕ

0

Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 78 жыл толмақ. Бұл омырауы орден, медальдарға толған ержүрек аталарымыздың жанқияр ерлігі мен еңбегінің жемісі. Жылдар жылжып өткен сайын сұрапыл соғыстың дүрбелеңі де алыстап барады. Дегенмен, Отан үшін кеудесін оққа тосқан ардагерлеріміздің ерен ерліктері еш уақытта ұмытылмайды. Бүгінде сол майдангерлер қатарының сиреп бара жатқаны жанға батады…

Жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында өткен тарихымыздың ойға оралтып, елін қорғаған ерлерімізді ардақтап, олардың ерлікке толы өмірін бүгінгі ұрпаққа үлгі ету біздің парызымыз.
Сағынбай Асраубаев – Ұлы Отан соғысының ардагері. Ол 1920 жылы 15 мамырда Красногорский, қазіргі Қордай ауданында, Бірлік ауылында дүниеге келген. 1940 жылы 20 жасында Қызыл әскер қатарына Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Көп ұзамай, Ұлы Отан соғысы басталып, ол 542-корпустық артиллерия полкінің құрамында зеңбірекшілер взводының командирі болып, Отан қорғайды.
1942 жылы 2 ақпанда Калинин майданында Ржев қаласын азат ету шайқасында зенитшілер жаудың аспаннан төнген ұшақтарын, жер қайыстырып жылжыған ауыр танкілерін атқылап, Қызыл әскердің алға жылжуына қолдау жасады. Нәтижесінде Ржев қаласы жаудан азат етіледі. Сол қантөгіс шайқаста Сағынбай Асраубаев бастан жарақат алып, II топты мүгедек болып, туған жеріне, қазіргі Ноғайбай ауылына оралады.
Соғыс ардагерінің қызы Гүлнәр Сағынбайқызы әкесі көзі тірісінде майдан даласындағы естеліктерімен ара-тұра бөлісіп тұрғанын айтады. Мәселен, Ржев қаласын жаудан азат ету кезінде сержант Сағынбай өз взводы жауынгерлеріне: «Сен жоймасаң, жау сені жояды! Не өлім, не өмір!»,-деп олардың рухын көтеріп, намысын қайрап отырған екен. Сол соғыста ауыр жарақат алғаннан кейін тілден қалған жаралы солдатқа Елизавета деген әскери медбике көп қарайласқанын, науқастан айығуына ықпал етіп, қиын сәтте үлкен қолдау көрсеткенін де әңгімелеп берген. Еліне дейін шығарып салған медбике қызбен қоштасарда «Қызды болсам есімін Лиза деп қоямын» деп уәде де беріпті. Айтқандай-ақ, кейін үйлі-жайлы болып, тұңғыш қызы дүниеге келіп, оны Лиза деп атаған екен. Тұңғыш қызы құт болып, соңынан тоғыз бала ілеседі. «Батыр ана» атанған өмірлік серігі Мазақ екеуі балаларына өнегелі тәрбие беріп, өсірген. Бүгінде атаның ұрпақтары өсіп-өніп, егемен еліміздің игілігі жолында әр салада қызмет етуде.
Сағынбай Асраубаев соғыстан кейін әртүрлі жергілікті шаруашылықтарда бригадир, басқарушы, партия хатшысы қызметтерін атқарып, тың игеру жұмыстарына араласқан. «Ер тұлғасы еңбегімен көрікті» дегендей, өмірінің соңына дейін талмай еңбек етіп, жұмысына деген адалдығымен, жоғары жауапкершілігімен ауылдастарының есінде қалды. Сағынбай Асраубаев 1985 жылы 20 қаңтарда дүниеден өтті.
Соғыс ардагері «III дәрежелі Даңқ» және «II дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, сонымен бірге жауынгерлік ерлігі үшін бірнеше медальдармен, «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталған. 2010 жылы Қордай ауданы Ноғайбай ауылындағы бір көшеге Ұлы Отан соғысының ардагері Сағынбай Асраубаевтың есімі берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.