«ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ҚАЙНАР КӨЗДЕРІ»

0

Өткен бейсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде «Ауыл – ел бесігі» дәстүрлі экспедициясының аясында Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен «Ұлттық идеологияның қайнар көздері» атты көшпелі дөңгелек үстел өтті.

Ұлттық тәрбиенің рөлін арттыру, отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесіне басымдық беру, әкелер мектебін қалыптастыру мақсатында бастау алған жобаның жетекшісі «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы.
Шараға Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы Ш.Мұртаза атындағы «Баспасөз үйі» КММ-сі директорының орынбасары Ринат Нұрақбаев, облыстық білім басқармасының өкілі Гүлзат Келдібаева, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықов, аудандық ардагерлер кеңесінің, аналар алқасының мүшелері, білім саласы қызметкерлері және белсенді жастар қатысты.
Облыстан келген сыйлы меймандарды аудандық Мәдениет үйінің фойесінде Техникалық шығармашылық және кәсіби білім беру орталығы оқушылары өз қолдарымен жасаған ұлттық қолөнер бұйымдары көрмесімен қарсы алды. Оқушы шеберлердің ұлттық оюмен өрнектеп тоқыған бұйымдары, қазақы нақыштағы қамзол, көйлек, сонымен қатар жас аспазшылардың тәтті тағамдары ұсынылды. Көрмеге қойылған әрбір бұйымнан көз сүрінер сұлулығымен қатар, ұлттық болмысымыз сезіліп, терең мағына беретіні айқын көрінді.
Ал аудан өнерпаздары “Өнердің өрісі кең” атты концерттік бағдарлама ұйымдастырып, қасиетті сахна төрінде республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары өнер көрсетті.
Концерттік бағдарламадан соң көшпелі дөңгелек үстелдің ұйымдастырушылары сахна мінберіне көтеріліп, шараның негізгі мақсат-міндеттерін атап өтті.
Дөңгелек үстелге қатысушылар баяндамаларын оқып, отбасы құндылықтарын арттыру, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беру, жастар арасындағы қатігездікпен күрес, қоғамдағы масылдық, енжарлық т.б. өзекті мәселелерді көтеріп әрі осы қоғам дертіне айналып бара жатқан жайттармен күресудің жолдарын ұсынды.
Алғашқы сөзді алған Сәуле Мешітбайқызы қазіргі замандағы әлеуметтік желі, ғаламтордың бала тәрбиесінде алып жатқан рөлі, салт-дәстүріміздің тәрбиедегі орны туралы сүбелі ойларымен бөлісті. Оның әрбір сөзінен жас ұрпақтың болашағына, еліне деген шынайы алаңдаушылық сезіліп тұрды.
Келесі кезекте облыстық қоғамдық ата-аналар кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев «Тәрбиенің қайнар көзі – ұлттық тәрбие» тақырыбында баяндама жасады. «Облыста өткен жылы кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны күрт өскен. Нақты айтсақ, былтыр 128 дерек тіркелсе, ол өткен жылмен салыстырғанда 54,2 пайызға артып отыр. Ең қорқыныштысы қылмысқа барғандардың 38-і колледж студенттері, 41-і мектеп оқушылары. Бұл тек облыстың емес, тұтас еліміздің өзекті мәселесіне айналып отыр. Әлеуметтік желілерде де желдей ескен жасөспірімдердің өз қатарластарын аяусыз тепкілеп, қорлаған видеолары елімізге қара таңба болды», — деп нақты фактілерді қоса баяндама жасаған Ринат Даниярұлы осындай қылмыстарды тоқтатуға ықпал етудің жолдарын жеткізді. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, әр әке өзінің қолынан келетін істі баласына да көрсетіп, үйретсе, ұрпағымыз «рухани мешел» болып қалмас үшін баланың қолына ұялы телефонды ұстата салуды тоқтатсақ», деген ұсыныстарын айтты.
Сонымен қатар, кездесу барысында облыстық білім басқармасының өкілі аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов, аудандық аналар алқасының төрайымы Маржан Молдабекова дөңгелек үстелдің көтерген тақырыбына қатысты келелі ойларын жеткізді.
Шырайлы жүздесуді аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай қорытындылап, еліміздің кемел келешегі жолында еңбек етіп, ұлттық идеологияны насихаттап жүрген жоба ұйымдастырушыларына алғысын айтты.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.