Қордай ауданы елді мекендерінің сәулеттік келбетін жақсарту және көркейту барысында атқарылып жатқан жұмыстарға облыстық мәслихат депутаттарынан құралған жұмыс тобы екі күн зерделеу жүргізді.
Құрамына облыстық мәслихат депутаттары Айман Әшімова, Лугмар Буларов, Талғат Сарсембаев, облыстық мәслихат аппаратының бас инспекторы Рүстем Айдынбеков, облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының бас жоспарды дамыту бөлімінің басшысы Д.Досановтар кірген жұмысшы топ алдымен аудан әкімі Бегзат Болатбековпен кездесті. Ауданның құрылыс саласында атқарылып жатқан және жоспарланып отырған жұмыстары турасында сөз болған кездесу барысында проблемалық мәселелер жайлы да айтылды. Осыдан кейін аудандық сервистік әкімдікте аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділет Қаспақбаевпен кездесіп, аталмыш бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға қанық болды. Осыдан соң Қарасай ауылдық округіне жол тартып, аталмыш ауылда құрылысы кешеуілдеп жатқан спорттық сауықтыру кешенінде болды. 2020 жылы іргесі қаланған ғимарат әлі күнге бітпеген. Тапсырыс беруші мен мердігер арасында сот процесі жүруде. Осыдан кейін Сортөбе ауылына барып, ауылдық мәдениет үйінің жағдайымен танысты.
Келесі күні топ мүшелері Қордай ауылы «Батыс» ықшам ауданында бой көтерген 5 қабатты 60 пәтерлі №3, 4 тұрғын үй құрылысын зерделеп, одан кейін Қордай ауылындағы №51 орта мектеп жанында орналасқан көп қабатты тұрғын үйлер алдындағы ойын алаңшаларының жайын көрді. Осыдан бірер жыл бұрын салынған алаңшалар қираған. Бұл бойынша Қордай ауылдық округі әкімдігіне сауал жолданатын болды.
Депутаттардан құралған жұмысшы топ осы күні Өтеген ауылындағы «Өтеген батыр» кесенесіне де барды. Кесенеге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет болып отырғаны анықталды. Жұмысшы топ зерделенген барлық мәселелер бойынша жауапты органдарға ұсыныстарын жеткізетін болады. Сонымен қатар, бұл мәселелер облыстық мәслихаттың алдағы сессияларының бірінде қаралмақ.