Бүгін, 21 қарашада, Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің конференц-залында «ASPARA FASHION DAY 2026» аясында халықаралық форум мен баспасөз конференциясы өтті.
Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, туризм және мәдениет салаларының өкілдері, тарихшылар, қазақстандық және шетелдік дизайнерлер қатысты.
Форумның ашылуында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, өңірде киіз басу, тоқымашылық және зергерлік өнер секілді дәстүрлі қолөнер түрлерінің сақталғанын атап өтті.
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының өкілі Ақбота Қайырханова Қазақстанның оқиғалық күнтізбесіне іс-шараларды іріктеу тәртібі туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, 2026 жылы 20 өңірден ұсынылған 154 жобаның 55-і күнтізбеге енгізілген. Іріктеу барысында іс-шаралардың тұрақтылығы, туристік әлеуеті, аудиторияны қамту деңгейі, ерекшелігі және өңірдің танымалдығына ықпалы ескеріледі.
Сонымен қатар, «ASPARA FASHION DAY» ұлттық сән мен қолөнерді халықаралық деңгейде танытуға және Тараз қаласының туристік тартымдылығын арттыруға ықпал ететін маңызды жоба ретінде бағаланғаны айтылды. 2027 жылғы оқиғалық күнтізбеге Жамбыл облысынан «ASPARA FASHION DAY», «Тараз – қолөнершілер қаласы» және «Қызғалдақ мұра» іс-шаралары енгізілген.
Жиын барысында Креативті индустрияларды дамыту қорының Жамбыл облысы бойынша үйлестірушісі Сара Мәдиева өңірдегі креативті индустриялардың даму бағыттары жөнінде баяндама жасады.
Форум қатысушылары ұлттық мұраны заманауи сәнмен ұштастыру, қолөнершілер мен дизайнерлердің ынтымақтастығын арттыру, сондай-ақ оқу орындарымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Кездесу барысында студенттер де өз сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды.
Айта кетейік, халықаралық форум мен баспасөз конференциясы сағат 16:00-ге дейін жалғасады.