ОҚУ МЕН ОҚЫТУ ТӘЖІРИБЕСІН ЖЕТІЛДІРУ ҚҰРАЛЫ

0

Жуырда Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің базасында «Мектеп тәжірибесіндегі Lesson study: зерттеу, талдау, нәтиже» атты облыстық тәжірибелік семинар болып өтті. Семинарға Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері М.Жұматаева, Тараз қаласы, Меркі, Шу, Мойынқұм, Қордай ауданы мектептерінің директорлары мен директордың оқу ісі және ғылыми әдістемелік ісі жөніндегі орынбасарлары, барлығы 70 адам қатысты.

Lesson Study (сабақты зерттеу) үрдісі №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінде 2013 – 2014 оқу жылынан бастау алған. Lesson Study дегеніміз – сабақты зерттеу және сабақтың сапасын жақсарту үдерісі болып табылады. Бұл үрдіс оқушылардың білім сапасын арттыруға және мұғалімдердің оқыту әдістемесін жетілдіруге мүмкіндіктер береді. Қазіргі уақытта Жапония, Сингапур, Қытай, Ұлыбритания, Швеция, Канада т.б. елдер өздеріндегі білім ошақтарында Lesson study әдісін белсенді қолдануда. Lesson study барысында мұғалімдер бірлескен фокус топ құра отырып, сабақты жоспарлау, сабақтың жоспарын талқылау, өткізілген сабақты зерттеу, сабақтан кейін талқылау үрдістерін жүргізеді. Lesson study оқушыға сапалы білім беруді көздеген бір мақсатқа жұмылған ұстаздар шеберханасы деп айтсақ, артық айтпаған болар едік.

№4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінде өткен осы облыстық тәжірибелік семинардың мақсаты да сабақты зерттеуді жетілдіру негізінде мұғалімге кәсіби қолдау көрсету, оқыту сапасын арттыруда LS маңыздылығы, іс-әрекетті зерттеу үдерісінің тиімділігі бойынша іс-тәжірибелермен бөлісу, әдістемелік көмек ұсыну еді. Ең алдымен семинар қатысушылары «Дарынды оқушылар жұмыстарының галереясымен» танысты. Яғни оқушылар өздері жасаған ғылыми жобаларының, шығармашылық жұмыстарының нәтижелерімен қонақтарды таныстырды. Бұдан әрі семинардың теориялық бөлімі басталып, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері М.Жұматаева, Қордай ауданы білім бөлімі оқу-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі С.Бахрамова кіріспе сөз сөйледі. Ал №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің директоры Г.Байсуанова, осы мектеп-лицейі директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Э.Сансызбаева және ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Д.Айдынбекова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Тоқбаева Lesson study, іс-әрекетті зерттеу үрдістері бойынша мектеп-лицейде атқарылып жатқан жұмыстар бойынша сипаттап, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Сондай-ақ облыстық семинарда тәжірибелік бөлім де қамтылып, мектеп-лицей ұстаздары Lesson  study сабақтарының қалай жүргізілетінін көрсетті. Атап айтқанда, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Жақсылықова, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі С.Сулеева, математика пәнінің мұғалімі С.Узенбаева, тарих пәнінің мұғалімі А.Нұркеева, физика пәнінің мұғалімі Л.Керімбаева Lesson study сабақтарын өткізді. Сабақ соңында фокус топ мүшелері зерттеуге алынған оқушылардың сабақта көрсеткен нәтижелері туралы ойларымен және ұсыныстарымен бөлісті. Сондай-ақ, семинарға қатысушы қонақтар да Lesson  study сабақтары бойынша көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, жауаптар алды.

Семинар соңында барлық қатысушы ұстаздар тәжірибе бөлісу алаңына жиналып, облыстық маңыздағы жиыннан үйренгендерімен, сондай-ақ өз тәжірибелерімен бөлісті. Негізінде заманауи білім беру үрдісінің тиімді бөлшегі болып табылатын Lesson study үрдісін жан-жақты түсіндіріп, кеңінен сипаттаған бұл іс-шараның маңызы ерекше болды. Жиын соңында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері М.Жұматаева қорытынды сөз сөйлеп, облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің атынан мектеп-лицей ұжымына, мектеп-лицей директоры Г.Байсуановаға Алғыс хат, Lesson study сабақтарын жүргізуге қатысқан мұғалімдерге сертификаттар табыстады.

 

Елнұр Әскенұлы, №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.