ЕҢ БАСТЫСЫ — ҚОҒАМНЫҢ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ НЕГІЗІНЕ ДЕГЕН СЕНІМ

0

Өткен жұма күні ауданымызға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Ербол Бақтыхожаев жұмыс сапарымен келіп, Қордай аудандық шекара басқармасында және аудандық орталық ауруханада кездесулер өткізді.

Ербол Жұмақадырұлы шекарашылар және ауданның ақ халаттыларымен кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жайында баяндама жасап, шекарашыларға терең мағыналы бейнероликтер көрсетті.

-Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні өздеріңізге белгілі.

Ең бастысы — адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні рас, — деді Ербол Бақтыхожаев.

Жасыратыны жоқ сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды, себебі мұндай әрекеттің мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, қоғамда өкіметке, билікке деген сенімсіздік тудырады.  Өкінішке орай, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты-бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.

Мемлекеттік сатып алу, мемлекет қаржысын талан-тараж етіп, ысырап қылу, жер участкесін заңсыз беру, дүние-мүлкін, ақша капиталын салық декларациясынан, яғни мемлекеттен жасырып қалу сияқты мемлекет қалтасына қауіп төндіретін жат қылықтар әлі де орын алуда.

-Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Кеңес одағы кеңістігінде алғаш болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылдады, бұл заң жобасы арқылы жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі принциптерін анықтап, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтардың және оған байланысты жауапкершіліктің түрлері анықталды, — деді өз сөзінде баяндамашы.

Пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу тәрізді қылмыстық құқықбұзушылықтар, жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруi, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның не оған теңестiрiлген тұлғаның заңсыз материалдық сыйақы алуы, заңды тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруi секілді әкiмшiлiк сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік жайлы айтып өтті.

Сонымен қатар, қызмет барысында негізсіз қысым көрген, немесе пара талап ету, пара ұсыну фактілері кездескен жағдайда Агенттіктің 1424 call-орталығына немесе Департаменттің 45-35-09 кезекші бөліміне хабарласуға болатындығын жеткізді.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.