Қазақстанда қазіргі уақытта автокөлікті есептен шығару немесе қайта есепке қою кезінде нөмірлік агрегаттарды салыстыру тексерісі (сверка) жойылды. Осыған байланысты кузов нөмірлерін қолдан жасау жағдайлары жиілеп кетті. Бүгінде «сыңар» (двойник) көліктер өте көп, бұл — Қазақстанда да, шетелде де ұрланған көліктерді жымқыру мен қайта сатудың кең таралған тәсілі. Заңға бағынатын азаматтардың өз ырқынан тыс криминалдық тарихы бар көліктерді сатып алып, тығырыққа тірелетін кезеңдері аз емес.
Маркировканы тексеру көлікті Қазақстанға әкелу, алғашқы есепке қою, тіркеу деректерін өзгерту, қайта жабдықтау, түсін немесе кузовын ауыстыру, сондай-ақ құжаттардағы қателерді түзету кезінде жүргізіледі. Егер маркировка зақымдалған, қолдан жасалған немесе кузовтың ауыстырылған элементтеріне соғылған болса, көлік құралын тіркеуге тыйым салынады.
VIN-код — бұл дайындаушы зауыт тарапынан автокөлікке берілетін бірегей 17 таңбалы идентификатор. Ол арқылы машинаның тарихын, техникалық сипаттамаларын, шығарылған жылын, ЖКО-ға қатысқанын және тіпті ұрланғаны туралы деректерді білуге болады. Дұрыс VIN-кодтың болуы — көлікті тіркеу, иесін ауыстыру және кез келген басқа да құқықтық әрекеттерді жүзеге асырудың міндетті шарты.
Құқық қорғау органдары қазақстандықтарға қатаң ескертеді: VIN-кодты өзгерту — қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын әрекет. Мұндай қулыққа барудың өзі үлкен проблемаларға, көліктен айырылуға және қомақты қаржылай шығындарға әкеп соғуы мүмкін. Алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін автокөлікті сатып алмас бұрын VIN-нөмірдің КҚТК (СРТС) құжатындағы деректерге сәйкестігін және оның тарихын ресми сервистер, соның ішінде eGov жүйесіндегі «Автотарих» арқылы тексерген жөн.
Дегенмен, қарапайым азаматқа VIN-нөмірдің жай-күйін бағалау және оның түпнұсқалығын өз бетінше анықтау қиынға соғады. Мұндай жағдайда Жамбыл облысы бойынша Сот сараптамасы институтының сарапшыларына жүгінуге болады. Сот сарапшысы зерттеуге ұсынылған көлік құралының идентификациялық нөмірінің өзгертілген-өзгертілмегенін, егер өзгертілсе, қай тәсілмен жасалғанын, бастапқы маркировканың мазмұны қандай болғанын және басқа да мән-жайларды анықтауға көмектеседі. Өтініш білдірген жағдайда сізге ақылы негізде зерттеу жүргізуге тиісті шарт жасасу ұсынылады. Бұл шарттың негізгі талаптарының бірі — зерттеу жүргізу үшін көлік құралын ұсыну. Зерттеу аяқталған соң меншік иесі жазбаша қорытындыны өзі келіп немесе пошта арқылы ала алады.
Сондай-ақ сараптаманың бұл түріне халықаралық тасымалдармен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар да ерекше назар аударғаны жөн. Өйткені Мемлекеттік шекарадан өту кезінде VIN-нөмірі күмән тудырған ауыр жүк көлігінің тоқтатылуына байланысты шығындар (қаржылық және уақытша) көліктің идентификациялық маркировкасына сараптама жүргізу шығындарынан әлдеқайда көп.
— Сараптама жүргізу үшін не қажет? Элементтердің дұрыстығын білгісі келетін адамның әрекет ету алгоритмі қандай? — Сараптама жүргізу үшін тиісті бөлімшеге барып, шарт жасасып, төлемін жасау және сарапшылармен көлік құралын тексеру уақыты мен орнын келісу қажет. Тексеру, әдетте, 2-3 сағаттан аспайды. Сараптама жүргізу мерзімі шартпен белгіленеді, бірақ, ең алдымен, зерттеудің күрделілігіне және қосымша ақпарат алу үшін сұрау салу қажеттілігіне байланысты болады. Зерттеу аяқталғаннан кейін бастамашыға арнайы құжат — Маманның қорытындысы беріледі.
И.ПАК, ҚР ӘМ ОСТ Жамбыл облысы бойынша Сот сараптамалары институтының сот сарапшысы