Ұлтымыздың ұлағатын көрсететін мекен

0

Жамбыл облысында туризмнің әр түрін дамытуға зор әлеует бар, мұнда облыстың көрікті жерлеріне сауықтыру, этникалық, экскурсия-

лық және экологиялық турлар жасауға болады. Ал жас кәсіпкер Мақсат Барманқұл Қарасу ауылдық округіндегі этникалық ауыл Қордай ауданының көрікті жерлерінің бірі болатынына сенімді.

 

Мақсат 50 гектар аумақта байырғы қалпындағы қазақ ауылын құру үшін ауқымды жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Мұнда адамдар қымыз және саумалмен емделеді, жайлы қонақ үйде тұрады, көлге шомылады немесе атқа мініп, уақытты тиімді өткізеді.

Кәсіпкер бірнеше жыл бұрын облыс орталығында қымызхана ашып, өнімге деген сұраныстың жоғары екендігін байқаған. Осыдан кейін Қордай ауданынан этникалық ауыл салу идеясы келіпті.

Бірақ жобаны бастамас бұрын ол даму перспективаларын зерттеп, бизнес-жоспар құрды, құрылыс салу үшін жер іздеді, басқа облыстардағы ұқсас ауылдардан тәжірибе алды.

-– Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстандағы этнотуризмді дамыту туралы бірнеше рет айтқан болатын. Президенттің айтуынша, көптеген шетелдік туристер арасында көне жерлерді аралап, тарихи оқиғаларға қатысуға сұраныс артып келеді. Әртүрлі ұлттардың мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін зерттеуге, өздері қыдырып келген елдің тарихын білуге қызығушылығы зор. Сондықтан, этноауыл – өткенге саяхаттап, өзіңді нағыз көшпенді ретінде сезінудің, өткен жылдардың атмосферасын сезінудің таптырмас мүмкіндігі, — дейді Мақсат.

Жоспарымен бөліскенде бүкіл отбасы қолдайтындықтарын білдірді. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары жүргізілуде – екі киіз үй орнатылады, оның ішкі безендірілуінде ежелгі дәстүрлер мен заманауи үрдістер біріктірілмек, төрт беседка, қонақ үй пайдалануға берілді.

Саяхатшылар қазақ халқының мәдениеті мен өмірін тереңірек тану, сондай-ақ қазақтың ұлттық тағамдарының алуан түрлілігі мен өзіндік ерекшелігін бағалау үшін кез келген киіз үйге немесе қонақүйге орналаса алады. Қонақтар ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм татып қана қоймай, өз қолдарымен дайындауға да мүмкіндік алады.

Сондай-ақ, қонақтарға көшпелі өмірдің барлық ерекшеліктерін сезіну үшін жоба авторы кешен аумағында ат спорты шараларын, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар мен басқа да шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Мұнда ұлттық ән-биімен мерекелік шаралар да ұйымдастырылмақ.

Этноауылдың ашылуы шілде айының аяғы – тамыздың басына көзделіп отыр.

Болашақ туристік нысанда қазір қой, жылқы мен түйе, ірі қара малға арналған қоралар, тауық пен үйрек ұстайтын үй-жайлар дайын. Көкөніс өсіру үшін шағын жер учаскесі бөлінген, мұнда қонақтар үстелге қияр, қызанақ, көк тере алады. Еңбекқор отбасының өз омарталары да бар – аралар түрлі-түсті ұяларда жайғасқан. Қымызға бал өнімдері де қосылады. «Бұл қымызға ерекше дәм береді. Біздің қымызды бал қосып ішіп көргендер тағы да сұрап ішеді», — дейді мақтанышпен Мақсаттың әкесі Қуанышбек аға.

Барманқұловтар отбасы бірнеше ондаған жылдар бойы жылқы өсірумен және дәстүрлі қымыз дайындаумен айналысады.

Мақсат бала кезінен жылқы бағуға құмар. Төрт түліктің төресіне деген сүйіспеншілік, мал бағу, қымызға деген ықыласы оның бойына атасы мен әкесінен дарыған. Атасы да, әке-шешесі де жылқы өсірген жандар, дастархандарынан қымыз үзілмейтін. Бала күнінде көрші-қолаң, ағайын-туыс жиі бас қосып,  дәмді сусыннан дәм тату үшін тіпті, алыстан ат терлетіп қонақтардың жиі келетіні жадында қалған.

Қорасында барлығы 15 бие бар, оларды бағу оңай шаруа емес, машақаты көп. Үйдің үлкендері демалыссыз малмен айналысады. Күн сайын таң ата, көпшілік әлі тәтті ұйқыда жатқанда, Барманқұловтар отбасының ер адамдары өздерінің жеке міндеттеріне кірісіп, бие сауады.

-Биелерді сауу өте қиын. Ол – мінезді жануар. Саууға дағдыланбаған биелерге жақындау кейде қауіпті, сондықтан әкем, мен және Бақберген ағам үшеуміз сауамыз.

Мұнда бағалы өнім дәстүрлі түрде қолмен дайындалады. Ежелгі технологияны бұзбау үшін иелері процесті автоматтандыруды қаламады. Әйелдер өз кезегінде қымызды қажетті күйге дейін шайқап, піседі.

Мақсаттың айтуынша, қымыздың дәмі көптеген факторларға байланысты: жайылым аймағы, жем-шөп дегендей. Өндірісте сусынды ерекше дәмді ететін құпиялар да бар.

Сондай-ақ, отбасылық кеңесте мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту үшін иппотерапияға үш жылқы бөлу туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта осы салада мамандар іздестірілуде.

— Өздеріңіз білетіндей, атпен емдік серуен физикалық қалпына келтіруді қажет ететін балалар үшін пайдалы. Олар үшін жылқы шын мәнінде тірі тренажер болып табылады. Ал мына жерде жаттығатын орын болады. Таза ауада табиғи өнімдерді ішіп-жеп, жылқымен жаттығу жасаған балалар тезірек емделіп кетеді, – деп жоспарларымен бөлісті Мақсат.

Бір қызығы, кәсіпкерлікпен айналысқан адам қай жерде де дамудың мүмкіндіктерін табады. Осылайша, мал шаруашылығымен айналысатын Барманқұловтар әулеті биогумус жасау техникасын зерттеді. Шымкенттен калифорниялық құрттарды сатып алып, органикалық жануарлар қалдықтарынан тыңайтқыш шығара бастаған. Өнеркәсіптік көлемге әлі жете қоймағанмен, жоспарлар көп.

Және олар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Бастысы көне заманнан бастау алатын Барманқұловтардың кәсібі ұзақ өмір сүріп, өркендей бермек.

 

Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.