ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

0

Дінді өздерінің саяси мақсаттарына қолданатын экстремистік және террористік ұйымдар мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне және қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа ерекше қауіп төндіреді. Дін мен оның құндылықтарын бетперде еткен жалған уағызшылар жаһандық деңгейде алауыздық пен өшпенділік туғызып, төзімсіздік пен қысым орнатуда. Діни экстремизмнің басты сипаты – адамдарға ұстанатын сенімі бойынша   өшпендiлiк пен озбырлықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе күш қолдана отырып шақырумен байланысты қысым көрсету, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, сеніміне немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген дiни тәжірибені қолдану.

Діни экстремизм – діндегі шектен шыққан көзқарастар мен әрекеттерге берілгендік. Экстремизмнің қорқыту, үркіту, агрессиямен және шектен шыққан қаталдықпен сипатталатын белгілері көп. Оның кең мағынасындағы ұғымы – мемлекеттік құрылысты күштеп өзгерту немесе билікті басып алу, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған діни мотивацияланған әрекет және осы мақсатта діни алауыздық пен өшпенділікті қоздыру. Латын тілінен аударғанда «қорқыныш, үрей» деген мағынаны білдіретін «терроризм» – экстремизмнің асқынған көрінісі. Террорист зорлықтың аса қатыгез, үрейлі түрлері мен әдістерін пайдаланып, саяси мақсаттарға қол жеткізуді көздейді. Террористік актілердің салдарынан адамдар жаппай қырылып, бұқара халықтың басым бөлігі психологиялық қысым көреді, материалдық және рухани құндылықтар қирап, зардаптары кейде қалпына келмейтін деңгейге жетеді. Мемлекеттер арасында түсініспеушілік туындап, соның салдарынан соғыс оты тұтанады, әлеуметтік және ұлттық топтар арасында сенімсіздік пен өшпенділік пайда болады. Түрлі қылмыстық топтар мемлекеттік билікке ықпал ету не күйрету үшін террорлық актілерді жүзеге асырады. Терроризм – қазіргі жаһандану қатерлерінің бірі, ауқымдылығы мен жиілігі, адамзатқа қаупі мен қаталдығы тұрғысынан ол әлемдік қауымдастық алдындағы түйткілді мәселеге айналды.

Р. Жасыбаева, Қарасу ауылдық округінің әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.