Қазақ халқының басты бір қасиеті – сөз қадірін түсініп, бағалай білетіндігі. Бір ауыз сөзбен небір ушыққан дау-дамайларды бітістіріп, жүйелі сөзге баршаны ұйыта білген. Жазу-сызу әлі қалыптаса қоймаған замандарда билердің, шешендердің тапқырлық сөздері, ақындар мен жыраулардың өлең-жырлары бізге ауыздан ауызға көшіп жетті. Ал, жазу пайда болғалы оның орфографиясы мен емлелік заңдары да қалыптасты. Әуелде араб-парсыша хат таныған ата-бабаларымыз өткен ғасырдың бас кезінде Ахмет Байтұрсынов ұсынған араб әріптеріне негізделген “төте жазумен”, 1929 — 1940 жылдар аралығында латын графикасын игеріп, одан кейін кеңес үкіметі күштеп енгізген кириллицаға біржолата көшкен едік. Тек, 2017 жылы қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесі мемлекеттік тұрғыда көтеріліп, 2025 жылдан бастап латын графикасына біржолата көше бастау міндеті алға қойылған-ды.
Еліміз тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап қазақ лингвистері мен зиялы қауым арасында латын әліпбиіне көшудің пайдасы мен зияны туралы бірталай пікірталастар туындап, әлі күнге дейін жалғасып келе жатқаны мәлім. Әрине, әліпби ауыстыру – ана тілімізді басқа бір тілге (латын) алмастыру емес, тілімізді түлетіп қоғам сұранысына сай ету. Осы заманғы ғылыми-техникалық тұрғыдан дамуға икемді тіл ету. Яғни, компьютерлік технологияға тәуелді екенімізді мойындап, кез-келген жаңа дүниелермен санаса отырып, тіліміздің халықаралық сипат алуына жол ашу. Жаңа әліпби бүгінде саны екі жүз миллионнан асатын түркі тектестердің басын қосатын фактор десек, туыстас түркі тілдерімен қарым-қатынасты нығайту үшін латын әліпбиін таңдауымыздың басты себептерінің бірі осында.
Екінші жағынан, қазіргі кезде латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да, мүмкіндігі де зор екені байқалуда. Жер бетінде латын графикасы қолданылмайтын сала жоқ деуге болады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер латын әліпбиімен таңбаланатынын байқау қиын емес. Демек, білімге, ғылымға ұмтылған ұрпағымыздың халықаралық деңгейде еркін самғауы үшін де әлемдік тіл графикасын меңгеруі керек. Латын әліпбиі осыған даңғыл жол ашады.
Бірақ, біздің елімізде латыншаға көшудің болашағына күмәнмен қарайтындар “латын әліпбиін қабылдаған жағдайда келешек ұрпақ кирилл жазуындағы бұрынғы бай жазба мұрамызды оқи алмай қалады” дегенді айтады. Оларға қарсы қазіргі дамыған технология жағдайында барлық жазба мұраларымызды латын әріпіне біртіндеп көшіріп алудың кең мүмкіндіктері туралы ғалымдар мен тіл мамандарының уәжімен санаспаудың қисыны жоқ. Яғни, латыншаға көшкенімізбен тарихи жазба мұраларымыздан айырылып қалу қауіпі болмайды.
Мемлекеттік тіл мәртебесін иеленген қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра отырып, жаңа әліпбиге көшу кезінде ең алдымен ұлттық тілдің табиғатын, тазалығын сақтау, қазақтың дыбыстық жүйесін сол қалпында таңбалап бере алатын графиканы енгізу, ұлттық жазу мен тілдік қорды сақтап қалу маңызды болып отыр. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындау жоспарланған еді. Елінің болашағын ойлайтын әр азамат латын әліпбиіне қатысты өз көзқарастарын білдіріп, ой бөлісіп қана қоймай оны жүзеге асыруға белсене атсалысуы керек. Бүгінде үлкен қалаларда, тіпті, ауылдарда да латынша жазылған атауларға көз үйреніп келеді. Мемлекеттік мекемелерден бастап, сауда орындарының, кәсіпкерлік нысандардың, тіпті, көшелердің атаулары, түрлі жарнамалар да латын әріптерімен жазылып жатыр. Газет-журналдар беттерінде де бұл кеңінен өріс алуда.
Латыншаға көшудің алғашқы кезеңі өтіп жатыр. Латын әріптеріне көз үйреніп, адамдар психологиялық жағынан іштей дайындалуда. Дегенмен, бұл тұрғыда әлі де болса уақыт оздыру керек сияқты. Латын әліпбиіне қатысты өз көзқарастарын айтып, тіл тағдырына алаңдаушылық білдірушілердің пікірлерінің барлығы да маңызды. Түбінде латыншаға біржолата көшетін болғандықтан да болашақ әліпбиіміз бен жазуымыз мемлекеттік тіл дәрежесіндегі қазақ тілін әлемге таныта алатындай жағдай жасап алуымыз керек. “Жеті рет өлшеп, бір рет кес” демекші, кейіннен “әтеген-ай” деп жүрмес үшін барлық жайды ескеріп, жаңа графикаға көшудің өркениетті мәселе екенін ескеріп, бұл жаһандану кезеңде ұлттың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға бағытталған ұлттық мәселе екенін ұмытпауымыз керек.
Анара ҚОСШЫҒҰЛОВА, Тілдерді оқыту орталығының Масаншы, Сортөбе ауылдық округтері бойынша мұғалімі.