Дүйсенбі күні Қордай ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова жұмыс сапарымен келіп, жергілікті жұртшылықпен бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Гүлдара Алданышқызы ең алдымен аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, «AMANAT» партиясының Қордай аудандық филиалының төрайымы Қарлығаш Қыпшақбаева, «AMANAT» партиясы атынан сайланған облыстық мәслихат депутаты Айман Әшімова және аудандық мәслихат депутаттары Камиля Дургалова, Эльдар Апаевпен бірге Сарыбұлақ ауылдық округі шаруа қожалық иелерімен жүздесті.
Қазіргі таңда ауданымызда суармалы су мәселесінің өзектілігі өршіп тұрғаны мәлім. Халық қалаулысымен кездесу барысында диқандар осы мәселені көтеріп, оның жақын арада шешілуіне ықпал етуін сұрады. Қордайлық шаруалардың жанайқайына құлақ түрген Гүлдара Нұрымова мемлекет тарапынан егістік суының жетіспеушілігін шешу жолдары қарастырылып жатқанын жеткізіп, бұл мәселе жеке бақылауында болатынын тілге тиек етті.
Осыдан кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты «AMANAT» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудан тұрғындарын қабылдады. Халық қалаулысының қабылдауына жазылған тұрғындардар азаматтық алу, құжаттарын рәсімдеу, жер мәселесі бойынша халық қалаулысына өз проблемаларын айта келіпті. Гүлдара Нұрымова әр мәселені мұқият тыңдап, заң аясында шешу жолдарын түсіндіріп, көмегін аямайтындығын айтты.
Келесі кезекте «AMANAT» партиясынан сайланған ауылдық округ әкімдерімен кездесіп, жалпы жұмыс барысында туындаған проблемалар жайында пікір алмасып, бірқатар жайды депутат өзіне түртіп алды. Жиын барысында Мәжіліс депутаты ауыл әкімдерінің халықпен кері байланыс орнатуының, тұрғындарға ашық болудың маңыздылығына тоқталды.
Гүлдара Нұрымова іс сапары барысында аудандық іскер әйелдермен де кездесу өткізіп, қордайлық кәсіпкер арулардың тың бастамаларымен танысып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Түс ауа Мәжіліс депутаты бірқатар аудандық мәслихат депутаттарымен бірге Бәйтерек ауылында бой көтеріп жатқан 150 орындық жаңа мектептің жұмыс барысымен танысты. Айта кетейік, Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасының тапсырысымен салынып жатқан нысанның бас мердігері «Темир-Строй Сервис и Ко» ЖШС-гі. Мердігер компания өкілдері құрылыс жұмыстары жоспарға сай әрі сапалы жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ, ол Сортөбе ауылдық ауруханасында денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен жүздесті. Ақ халаттылармен өткен кездесуде Гүлдара Алданышқызы жергілікті медицина саласына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін тұрғындарға түсіндіру қажеттігіне тоқталды.