АТА КӘСІПТЕН НӘСІП ТАПҚАН

0

Атадан балаға мирас болған кәсіптің нәсібі біреуге біліммен, енді біреуге өмірлік тәжірибе арқылы келеді. Сортөбе ауылының тұрғыны Рустам Воингуйдың арнайы аграрлық білімі жоқ, бірақ егін алқабын күтіп-баптауды бес саусағындай біледі. Мұның бәрі ұзақ жылғы тәжірибесінің жемісі әрі қанына сіңген қасиет десек те артық болмас. Өйткені, атасы Дунлар Мусаев саналы ғұмырын егін шаруашылығына арнап, еңбекпен еңсе тіктеген азамат.

 

Атасының салған сара жолымен бүгінде немересі нық қадам басып келеді. Ес білгелі дала төсінде тер төккен Рустам Воингуй бүгінде «Шамшарак» ШҚ басшысы. Өзі басшылық ететін шаруа қожалығы картоп, пияз, сарымсақ өсірумен айналысады. Алқаптың 20 гектарына – картоп, 15 гектарына – пияз еккен. Картоптың жоғары өнімділігімен танымал «пикассо» және «ривьера» сорттарын таңдаған екен.

Аудандық газеттің тілшілерін жылы шыраймен қарсы алған бағбан сарымсақ өсірудің қыр-сырымен бөлісті. Жалпы, сарымсақтың пайдалы қасиеттері адамзат баласына ерте замандардан белгілі. Мысалы, Қытайда сарымсақ дегенді білдіретін иероглиф ең көне таңбалардың бірі болып табылады. Ал осыдан үш жыл бұрын әлемді жайлаған індеттен сақтану мақсатында өткір иісті көкөністі емдік мақсатта қолданбаған адам кемде-кем. Сарымсақтың осындай артықшылықтарын жақсы білетін кейіпкеріміз оны табысты бизнес көзіне айналдырған. Рустам сарымсақты Ыстық көлден алып келеді. Оны күзде отырғызып, жазда маусым-шілде айларында жинап алады. Гектарынан 13 тоннаға дейін өнім алатынын айтады. «Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай өнім жинау науқаны жүріп жатыр. Алқапта негізінен жергілікті тұрғындар және көрші елді мекеннің халқы жұмыс істеуде. Оларға сағатына 1000 теңгеден төленеді»,-дейді ШҚ басшысы.

«Өнімнің жемісті болуы оны күтіп-баптауында екені белігілі. Басқа да көкөніс дақылдары сияқты, сарымсақ отырғызу да бірқатар ережелерді талап етеді. Алдымен дұрыс тұқымдық таңдауыңыз, оны дұрыс отырғызуыңыз керек, содан кейін қажетті күтімін жасайсыз. Сондай-ақ, бұл дақылды өсіруде суару да маңызды рөл атқарады. Мәселен, біз соңғы екі айда әр апта сайын суарып отырдық. Бір рет суарудың өзіне шамамен бір тәулік уақыт кетеді. Ауа-райы тым ыстық және құрғақ болса, жиі суаруға болады. Шамдары пісе бастағанда, суаруды азайту қажет. Себебі, артық ылғал аурулардың пайда болуына әкеп соғуы мүмкін. Ал өнімді жинаудан 20 күн бұрын суаруды толығымен тоқтатқан жөн. Сонымен қатар, біз сарымсақ еккен алқапқа келесі жылы картоп не пияз отырғызамыз. Осылайша егістік жердің құнарлығы артады»,-деп сарымсақты күтіп-баптаудың біз білмейтін құпияларына тоқталды кейіпкеріміз.

Шаруа қожалығында тереңдігі 50 метр болатын ұңғыма қазып, егістікті суару мәселесін өз беттерінше шешкен. Ал  келесі жылы тамшылатып суару технологиясын енгізуді көздеп отыр.

Егін алқабынан бір сәтке алыстамаған шаруа өз жұмысын жақсы көреді. «Сарымсақ өсіру — үлкен еңбекті, күш-жігерді, табандылықты қажет етеді. Қиыншылықтарына қарамастан, мен сүйікті ісіммен айналысудамын. Бастаған ісіңді жақсы көрсең, сол үшін жаныңды беріп, жұмыс істесең ғана жемісін татасың»,-деп санайды.

Рустам Воингуй – кәсібінің нәсібін көріп отырған азаматтардың бірі. Қазіргі таңда ол сарымсақтың келісін 350 теңгеден сатуда. Сарымсақты сақтауға арнайы қойманың да қажеті жоқ дейді ол. Өйткені, жиналған өнімді бірден сатып алып кетеді екен. Кейіпкеріміздің әңгімесінен оның еңбекқор, бейнетқор жан екендігін байқадық. Оның бір сүйем жері бос жатқан жоқ. Сарымсақ алқабының жан-жағына таңқурай, жүзім, шабдалы отырғызып тастағаны – осының дәлелі. Адал еңбектен бақытын тапқан сортөбелік диқанның ісіне тамсана қарап, жұмысына береке, мол өнім тіледік.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.