Көлік пен ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалануда Қазақстан-Люксембург ынтымақтастығын күшейтудің әлеуеті зор. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Люксембург Ұлы Герцогтігінің Сыртқы және еуропалық істер жөніндегі министрі Жан Ассельборн-мен келіссөзден кейін айтты.
«Сауда-экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай дамыту біз үшін байланыстарды дамытудың тиімді драйвері. Сондықтан, біз оған ерекше көңіл бөлеміз. 2022 жылы алыс-берісіміз 2,5 есе өссе, биылғы қаңтар-сәуір аралығында тауар айналымы 4,5 есе артты. Келіссөзде айтылғандай, бұл қолда бар потенциалдың шарықтау шегі емес. Сәйкесінше, біз бірігіп жаңа мүмкіндіктер іздеуге келістік. Нақты тоқталсам, Люксембург Сауда-өнеркәсіп палатасының Қазақстанға сапарын ұйымдастырып, оның барысында өзара мүдделік танытатын бағыттарды ортаға салмақпыз. Қазақстан тарапы нарығымызға кіруге ниетті Люксембург компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға, даяр өнімдерді сыртқы нарыққа бірге шығаруға дайын», — деді министр люксембургтік әріптесімен келіссөзден кейінгі брифингте.
Сондай-ақ, ол Еуропаның ірі жүк әуе компанияларының бірі «КаргоЛюкс» Астана халықаралық әуежайы арқылы Еуропа — Азия бағытында рейстер ашуы ортақ күш-жігердің жемісі әрі болашаққа сенім ұялататын оқиға екендігін баса айтты.
«Осылайша, біз Қазақстанның батыс пен шығысты байланыстыратын көпір ретіндегі әлеуетін тағы да айқын көрудеміз. Сонымен қатар, көлік пен ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалануда Қазақстан-Люксембург ынтымақтастығын күшейтудің әлеуеті зор. Бүгін аталған салаларға тиісті құжаттарға қол қойылды», — деді Мұрат Нұртілеу.
Марлан Жиембай