Қазақстан мен Сингапур арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде өзара тиімді саяси, экономикалық ынтымақтастық және Қазақстан мен Сингапур халықтары арасындағы достық байланыстың берік негізі қалыптасты.
Екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жаңа бағыты жуырда елімізге келген Сингапур Президенті Халима Якобтың мемлекеттік сапары аясында тағы айқындала түсті. Қазақстанға мемлекеттік сапарына орай Сингапур Президенті Халима Якоб ханым республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің сұрақтарына жауап берген болатын. Оқырман назарына осы сұхбатты ұсынуды жөн көрдік.
– Болашаққа көз жүгірте отырып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты қалай нығайта аламыз?
– 30 жыл – атаулы мерейтой. Осы маңызды екіжақты кезеңді атап өту үшін Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Сингапурдың Президенті болғаныма қуаныштымын. Сингапур көптеген жыл бойы сенімнің, адал қарым-қатынастың және өзара сыйластықтың берік іргетасына негізделіп келе жатқан Қазақстанмен жылы және бұрыннан келе жатқан достығымызды бағалайды. Екі ел арасында тұрақты сапарлар болды. 2017 жылы «Astana Expo» көрмесінің ашылу салтанатына қатысу үшін Парламент спикері ретінде Астанаға барып, сол кезде Сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездестім. Біз сондай-ақ бір жыл бұрын Қазақстан Президенті Сингапурда сапармен болған кезде кездестік.
Сингапур-Қазақстан қарым-қатынастарының одан да жоғары деңгейге көтерілетініне сенімдімін. Көлемінің айқын айырмашылығына қарамастан, қос мемлекет – көреген саясаты, адам капиталын дамытуға және тұрақты дамуға берік міндеттемесі бар елдер. Біз, сондай-ақ, тиісті аймақтарымызда стратегиялық орналасуымыздың артықшылықтарын пайдалануға тырысамыз. Алдағы жылдары елдеріміз бен өңірлеріміз арасындағы тығыз байланысты одан әрі нығайтуды асыға күтемін.
– 2022 жылы Қазақстан мен Сингапур арасындағы өзара сауда көлемі айтарлықтай өсім көрсетіп, 1,9 миллиард долларды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артық. Мұндай серпінді өсуге қандай факторлар ықпал етті және біздің елдеріміздің сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі ұзақмерзімді мақсаттары қандай?
– Біз Сингапурдың Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі болып табылатын Қазақстанмен жақсы экономикалық байланыстамыз. Қазақстанда көлік және логистика, білім беру, тамақ өнімдері мен сусындар өндірісінен бастап цифрлық технологияларға дейін әртүрлі секторларда жұмыс істейтін бірқатар сингапурлық компания бар. Сондай-ақ осы жылдар ішінде Сингапурда қазақстандық компаниялардың саны өскеніне қуаныштымын. Еуразиялық экономикалық одақ пен Сингапур арасындағы Еркін сауда туралы келісім шеңберінде Қызметтер көрсету және инвестициялар саудасы туралы келісімге қол қою – менің Қазақстанға сапарымның басты нәтижелерінің бірі. Аталған Келісім реттеуші тетіктерді әлсірету және біздің елдеріміздің нарықтарына кіру үшін кедергілерді азайту есебінен, экономикалық өзара іс-қимылымызды кеңейту және екі елдің бизнесі үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі күш-жігерге жәрдемдесетін болады. Ол сондай-ақ келісімшарт бойынша қызмет көрсетушілерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді, жаһандық ауқымда біздің таланттарымызды тануды кеңейтеді және инвестицияларды қорғау ережелерін енгізу арқылы инвесторларымыз үшін тұрақтылық пен болжамды қамтамасыз етеді. Мұның бәрі – біздің үкіметтеріміз, кәсіпорындарымыз және халықтарымыздың арасындағы терең сенімнің көрінісі.
– Сингапур әлемдегі ең тиімді мемлекеттік басқару жүйесі бар ел ретінде әлемге кеңінен танылды. Қазіргі уақытта Қазақстанда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, сыбайлас жемқорлықты жоюға және нарық пен мемлекет арасындағы тепе-теңдікті орнатуға бағытталған жаңғырту бойынша ауқымды күш-жігер жұмсалып келеді. Осы тұрғыда Қазақстан Сингапурдың тәжірибесінен қалай пайда көре алады?
– Сингапур бүкіл әлемдегі достарымызға қатысты болуы мүмкін салаларда өз тәжірибесімен бөлісуге әрқашан қуанышты. Сингапурдың мемлекеттік қызметі парасаттылық, қызмет көрсету және жетілдіру сияқты басты құндылықтарға негізделген. Табиғи ресурстары жоқ шағын ел болғандықтан, Сингапур бәсекеге қабілетті және шетелдік инвесторлар үшін тартымды болу үшін өзекті болуға және ерекшеленуге ұмтылуы керек. Тиімді басқару – біздің стратегиямыздың негізгі компоненттерінің бірі. Қазақстан – әлемдегі ең ірі тоғызыншы ел, ал Сингапур – Астанамен бірдей көлемдегі шағын қала-мемлекет. Осылайша, біздің елдеріміздегі мемлекеттік басқарудың қажеттіліктері мен күрделілігі әртүрлі. Сингапурлық ынтымақтастық бағдарлама (Singapore Cooperation Programme, SCP) өткен жылы өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті. SCP – басқа елдермен мемлекеттік басқару, азаматтық авиация және тұрақты дамуды қоса алғанда, әртүрлі саладағы тәжірибемізбен бөлісу үшін Сингапурдың негізгі техникалық көмек бағдарламасы. Біз қазақстандық шенеуніктерді тәжірибемізді қабылдау үшін, соның ішінде мемлекеттік басқару үдерісінде сақтануға қажет сын-қатерлермен танысу үшін сингапурлық ынтымақтастық бағдарламасына қатысуға шақырамыз.
Әңгімелескен
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ