Жоба жемісін беруде

0

Аудан әкімі Рүстем Дәулеттің қатысуымен өткен кезекті брифинг «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасының» ауданымызда іске асырылуы турасында болды.

«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» аясында Қордай ауданының Жамбыл ауылдық округі пилоттық округ болып бекітілгені белгілі. Құрамына Жаңатұрмыс ауылы кіретін округте былтырдан бері бірнеше бағыты бар жоба аясында ауқымды жұмыстар қолға алынып, оның жемісін тұрғындар көріп те үлгерген. Аталмыш жұмыстар барысы туралы баян еткен аудан басшысы бірқатар мәліметтерді келтірді.

«Жоспар бойынша жобаға қатысуға ниет білдірген тұрғындар саны 263 адам. Округ бойынша жалпы сомасы 1,5 млрд. теңгені құрайтын 334 өтінім тапсырылды. Оның 252 өтінімі қарастырылып, 712,5 млн. теңгеге тұрғындарға несие берілді. Жобаның бірінші бағыты – үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалануға 1032 ауланың 950 ауласы қатысып, бүгінгі күнге үй іргесінен жиналған өнім 611,4 тоннаны құрады. Жиналған өнімнің 167 тоннасы (40 тонна қияр, 102 тонна картоп, 25 тонна сәбіз) ішкі тұтынуға жұмсалса, қалғаны сауда орындарында сатылуда. Округте жоба бастау алған кезде ауыл тұрғындары арасында үй іргесіндегі жерді игеру және одан алынатын өнімнің пайдасын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде қосымша 320 аула жерін игеруге кірісті. Осыған қосымша ауылдық округтің теңгеріміндегі 12 шақырым ауылішілік арықтарға тазалау жұмыстары толығымен жүргізіліп, жиналған көкөніс пен ет өнімдерінің 70% кооператив арқылы Қордай ауылындағы орталық базар және ет дүкендерінде сатылуда», — деді Рүстем Рысбайұлы.

Жобаның екінші бағыты – аула іргесіндегі жерлерді мал шаруашылығына пайдалану. Округте 2020 жылдың 1 қаңтарына жеке қосалқы шаруашылықта 1409 бас сиыр, 406 бас бұқа, 10098 бас қой мен ешкі, 296 бас жылқы және 4135 құс тіркелген. Бүгінгі күнге 250 азамат 701 млн. теңгеге 4208 бас мал сатып алуға несие алған. Жоба аясында алынған 254 бас сиырдан күніне 2500 литр сүт алынуда. Оның 60% тұрғындардың өздері тұтынса, қалған 40%, яғни 1070 литрін тұрғындар ауыл ішіне, көрші елді мекендерге және Қордай ауылындағы сүт зауытына өткізуде.

Ауыл тұрғындары тарапынан алынған 1187 бас бұқа бордақылануда. Сатуға дайын малды ауыл тұрғындарына, Қордай ауылындағы ет комбинатына және Алматы қаласының базарларына сатуды жоспарлап отырған көрінеді. Бүгінгі күнге 150,8 тн ет өткізіліп, жыл соңына дейін қосымша 193,8 тн ет және 81 тн сүт өткізуге мүмкіндік бар.

Жобаның үшінші бағыты – тұрғындардың ауыл сыртындағы жерін тиімді пайдалану бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылыпты.

Жаңадан құрылған «Жаңатұрмыс-Бірлік» ауыл шаруашылығы кооперативіне мүше болып кірген 103 ауыл тұрғынының жалпы көлемі 690 гектарды құрайтын жеріне дәнді масақты және көпжылдық шөптерді егу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 2300 тн астық бастырылған. Жиналған өнім бірінші кезекте кооператив мүшелеріне төмен бағамен сатылса, қалғаны нарыққа сатылуда. Қазіргі таңда кооператив 250 га күздік бидай және 30 га рапс егу жұмыстарын жүргізуде екен.

«Жобаның төртінші бағыты – ауыл шаруашылығы кооперативіне қажетті құрал жабдық, қондырғы және техникалар сатып алу бойынша ауыл шаруашылығы кооперативі жалпы сомасы 60 млн. теңгеге 17 дана түрлі техника алды. Оның ішінде 3 трактор, 1 шөп шапқыш, 1 культиватор, 2 соқа, 2 дән сепкіш,1 дәрі шашқыш, 1 арық қазғыш, 1 тыңайтқыш шашқыш және 1 жүгеріге арналған культиватор бар. Аталған техникалармен кооператив ауыл тұрғындарына жер айдау, оны өндеу, себу және тағы да басқа қызметтерді нарықтағы бағадан 15-20% төмен көрсетуде», — деді аудан басшысы.

Ал, жобаның бесінші бағыты – ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бойынша тек бір жоба мақұлданған. Бұл бағыт бойынша Жамбыл ауылының тұрғыны В.Кириллов бал омартасын ашуға 3 млн. теңге несие алған. Кәсіпкер 87 балара жәшігін және бал жинауға қажетті құрылғыларын алып, бүгінде кәсібін дөңгелетуде.

Осында бір айта кетерлігі, округте жалпы жобаға дейін 168 жеке кәсіпкер тіркелсе, несиелендірудің аясында олардың саны 419-ға көбейіп, қосымша 83 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылыпты. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінен 38 отбасы пилоттық жобаға қатысып, несие алған. Нәтижесінде әлеуметтік көмекке жүгінетін отбасылар саны 125-ке азайған.

Брифинг соңында әдеттегідей әлеуметтік желілер арқылы түскен сауалдарға жауаптар беріліп, ұсыныстар да айтылды.

Ж.Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.