БАР ЖАҚСЫЛЫҚ – БАЛАЛАРҒА

0

Ауданымызда көп жылдан бері «Балауса» балалар сауықтыру лагері жұмыс істеп келеді. Сәрсенбі күні аудан басшысы аталмыш лагерде демалып жүрген балалармен әңгімелесіп, балмұздақ сыйлады.

 

Қазіргі кезде «Балауса» лагерінде көршілес Шу және Мойынқұм аудандарының балалары да демалуға мүмкіндік алған.

Аталған мекеменің директоры Рая Ағыбаеваның айтуынша, мұнда жаз мезгілінде бес маусым ұйымдастырылса, олардың әрқайсысы 300-ге дейін баланы қабылдайды. Бір ағымның мерзімі – 12 күн.

Лагерьде бассейн, волейбол, футбол, баскетбол алаңшалары және теннис корты бар. Директордың айтуынша, балаларды күтіп алуға барлық дайындық наурыз айында басталған. Бегзат Сейсенқұлұлы балақайлардың қауіпсіздігі мен тамақтануы жайын сұрады. Аудан басшысына ас мәзіріне сәйкес балалар күніне бес рет тамақтанатыны және бұл сұраққа баса назар аударылатыны турасында баяндалды. Айта кетерлігі, мәзір балалар диетологтары, педиатрлармен бірлесе әзірленеді екен. Мұнда педагогикалық білімі мен жұмыс тәжірибесі бар жас, жігерлі 18 маман балалармен жұмыс жасайды. Мұнда кезекшілік ұйымдастырылған, бір сөзбен айтқанда, мұнда балалардың жақсы демалуына барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылау камералары орнатылған. Сауықтыру лагерін аралап көрген аудан басшысы ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған нүктелерге тоқтады. Аудан әкімі балалардың демалысы қолайлы болуы үшін барлық жағдайды жасау керектігін баса айтты. Сонымен қатар, Бегзат Болатбеков аудан әкімдігінің сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің жауапты тұлғаларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін барлық проблемалық аумақтарды зерделеу жүргізуді тапсырды.

Лагерь директорына балалар мекемесінің жұмысын заманауи талаптарға сай етіп жақсарту бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды.

 

Шолпан Сабанова

Leave A Reply

Your email address will not be published.