ОРТАҚ ЖҰМЫС, ОҢДЫ НӘТИЖЕ ҚАЖЕТ

0

Қордай ауданында жұмыс сапарымен Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен келді. Қордай ауданы әкімінің орынбасары

Дамира Сүгірбаймен бірге алдымен Масаншы ауылына жол тартқан Мәди Мейірбекұлы «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығының жұмысымен танысты.

 

Имам Ғалымжан Шерниязов басшылық жасайтын орталықта дәрісхана, асхана, медициналық пунк  және мәжіліс залы жұмыс істейді. Білім алушыларға барлық жағдай жасалған. Ұстаздар және жас қарилармен тілдескен облыс әкімі аппаратының басшысына орталық жұмысы туралы толыққанды мәлімет берілді. Жалпы 79 студенті бар орталықтан биыл 15 студент оқуларын аяқтайды екен. Қалғаны ары қарай білім алуды жалғастыра бермек.  Сондай-ақ, Мәди Матен Масаншыдағы № 50 мектептің де жұмысымен танысты.

Келесі кезекте Сортөбе ауылындағы шекаралық бақылау- өткізу пунктінде болып, шекарашылармен сөйлесіп, пікір алмасты. Осыдан кейін, Сортөбе ауылындағы «Имамдар үйінің» жұмысымен танысты. Ол 2020 жылы Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының басшысы,  Бас Муфти Наурызбай қажы Тағанұлының ауданға сапары барысында ашылған болатын. «Имамдар үйінде» оңалту, бейбітшілік пен келісім бөлмелері, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету сыныбы, дәрісхана, кітапхана, медициналық пункт және мәжіліс залы бар. Онда тамыз айында аудандардың бас имамдарын, сондай-ақ, ауыл имамдарының біліктілігін арттыру мақсатында екі апталық оқыту семинары өткізілді. Семинарда республикалық PGD докторы, «Нұр-Мүбәрәк» университетінің оқытушысы Асқар Акимханов және Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев дәріс жүргізген. Мади Мейірбекұлы ашылғанына көп болмаса да имамдарды оқыту, білім беруде үлкен жетістікке жетіп отырған мекеме жұмысына сәттілік айтты.

Келесі кезекте Мәди Мәтен Қордай ауылындағы «Жастар ресурстық орталығы»  КММ барды. Аудан жастарының басын біріктіретін, еліміздегі жастар саясатының ауданда дамуына сүбелі үлес қосып отырған орталық жайында толыққанды мәлімет беріліп, құрметті қонақ жастармен сөйлесіп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. 19 ауылдық округтерде жастармен жұмыс жүргізетін инспекторлары бар мекемеде 40-қа жуық азамат еңбек етеді.

Мәди Мейірбекұлы жастар жұмысын ширату және өзге де мәселелер бойынша бірқатар ой-пікірлерін ортаға салды. Облыс әкімі аппараты басшысы жұмыс сапары барысында аудан әкімдігінде активпен кездесу өткізді. Жиынға Қордай ауданы әкімі Бегзат Болатбеков, аудан әкімі орынбасарлары, бөлім мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен ауыл үлкендері қатысты.

Жиын барысында М.Мәтен ауданда идеологиялық мәселелерге аса мән беру қажеттілігін алға тартып, осы орайда ақсақалдар, жастар мен дін өкілдері бірлесе жұмыс жасау қажеттігін баса айтты.

-Ең алдымен халықпен жұмыс жасауды дұрыс жолға қою керек. Кері байланыс деген мәселеге аса назар аударған жөн. Барлығымыздың «илегеніміз бір терінің пұшпағы», ендеше бірлесе жұмыс атқарып, оңды нәтижелерге қол жеткізуіміз қажет, — деді Мәди Мейірбекұлы.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.