ЛАТЫН ӘЛІПБИІ-ӨРКЕНИЕТ ЖОЛЫ

0

Қазақ халқы сан ғасырлар бойы ұрпағын тіл арқылы тәрбиелеп, туған тіліміздің қандай елде, қандай да бір жерде болсын, қандай ұлтта болсын ұлттық тілі-қадірлі,  қасиетті,  құдіретті, қастерлі болады деп санасына құйып өсірген. Туған тіліміздің тамырына қан жүгіртіп, бабалардың аманат еткен тілін келешек ұрпағына таза қалпында жеткізуге бастайтын ұлы бастаманы халқымыз айтарлықтай күткен еді.

«Әркімнің туған тілі -туған шеше.

Оған бала міндетті сан мың есе», -деп  Сәбит Мұқанов атамыз айтқандай, әр елдің тілінің тереңдігінде халықтың бар болмысы,  рухани өмірдің тарихы мен әдет-ғұрпы көрінеді. Яғни, келешек ұрпаққа осы тіліміз арқылы рухани қазына, мирас болып қалады. Қазақ халқының алға жылжуына, өсіп-өнуіне, жаңа заман талабына сай болуы үшін латын әліпбиіне көшуіміздің маңызы зор. Латын әліпбиін көптеген елдер қазіргі таңда кеңінен қолдануда. Соның ішінде көршілес жатқан мемлекеттер – Өзбекстан, Түркіменстан және Түркия елдері бар.

Латын әліпбиіне көшу — ұлттық  мүддемізді қорғаудың басты мақсаты, бұл қоғамға рухани серпін беріп, заман талабына сай жасалған игі іс деуге болады.  Латын  әліпбиінің қажеттілігіне біздің  көзіміз  айқын  жетіп отыр.

Қазақ тілі жазуының латын әліпбиіне көшуі біріншіден, заман талабы, екіншіден, латын әліпбиі жаһандану үдерісінде  өркениетке жол ашып, Түркі әлемімен бірігуге негіз болып отыр. Тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ халқы ұлттық мәдениет құндылықтарын жаңғыртып, ұлттық тілінің тарихын  іздестіруде.

Латын әліпбиіне көшу тиімділігі әрбір қазақстандыққа айдан анық деп ойлаймын. Себебі,түбі бір түркілер латынды қолданады, бізге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынаста байланысымыз күшеймек.

Сондықтан Мәңгілік Ел мұратына ұмтылған Қазақстан латын әліпбиіне көшуі — еліміздің әлемдегі өркениетті мемлекеттердің қатарынан табылуының кепілі болып саналады.

 

Әйгерім СЫДЫҚЖАН,

Қордай аудандық

«Тілдерді оқыту орталығы»  оқытушысы

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.