Ауданымыздың тағы бір өнерпазы айтулы додаға қатысып қайтты. Жақында Ұлытау облысының Жезқазған қаласында «Жез ішектердің жан сыры» атты авторлық және бард әндерінің республикалық фестивалі өткен болатын. Жез ішектердің жан сыры шертілген бард әншілердің байқауында еліміздің түкпір-түкпірінен 20 орындаушы бақ сынаған болатын.
Ұйымдастырушы – Ұлытау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы. Шараның өткізудегі басты мақсат – бардтардың ән поэзиясын насихаттау, жаңа талантты авторлар мен авторлық ән орындаушыларын қолдау болды.
Фестиваль қатысушылары танымал халықаралық авторлық бардтардың шығармаларымен қатар өз туындыларын орындады. Осылайша, бабы мен бағы жанғандар бәйгелі болды. Қордай жерінен осы фестивальге «Қордай» халықтық театрының жетекшісі Аманғали Сәндібек қатысып, «Үздік ансамбль номинациясында ІІІ-дәрежелі диплом және ақшалай сыйлықпен оралды.