Көктем лебі біліне бастағанымен әлі де болса қала ішін суық ызғар кезгендей іші-бауырыңа өңмеңдей еніп, мұздатып жіберердей салқын. Бүрсең қаққан адамдар тоқтаған қоғамдық көлікке асыға мініп жатса, одан түскендері бірден жағаларын көтеріп, киімдеріп қымтап жатқаны. Автобус тоқтайтын аялдаманың сыры кеткен орындығында екі адам отыр. Жасы сексен шамасындағы қария аяқ астында жатқан шиша сынықтарын етігімен жанына қарай ысырып тастап, үнсіздікпен зуылдап өтіп жатқан көліктерге селқос қана көз тастайды. Сыртынан көрген жандар қаусап қалған жан емес қапсағай денелі ер адамды көрері анық. Жас кезінде иығына екі жігітті отырғызатын алып денелі адам болғаны көрініп тұр. Киімі ықшам көрінгенімен жылы, өзіне өте ыңғайлы. Бір сәт шулы көліктерге қараудан жалықты ма, жанында жақын отырған әйелге көз тастады. Шамасы отыз жастан асқан болу керек. Бірақ, өңі тым сынық. Көктемнің суық желінен қорғану үшін курткасының жағасын қолымен қымтап ұстап алған. Көздерінің асты көк түске боялған, сырқаттанып отырғандай кейіпте. Жанарында мұңнан гөрі өкініш көп байқалатын сияқты.
Қарияның сезімтал көңілі осы кезде кілт ете түскендей болды. Қаланың кең даңғылында басы мен аяғы жоқ, өкпелері гүрілдеген, сарылдаған, зырылдаған көліктерге қайта қарады.
Өмірімде осылай зулап өте шығыпты ғой… Қанша жасқа келдім өзі? Сексен, жетпіс… Қанша еді?.. Қапелімде есіне түсіре алсашы. Жастық шағын ойлағысы келді, балалық шаққа бойлағысы келді. Бірақ, олар тым алыс, тым шалғай, тым көмескі. Анасы, әкесі қандай еді. Дидарлары неге көз алдына келмейді? Түсініксіз.
Қайтадан жанындағы келіншекке еріксіз назар аударды. Автобус келетін жаққа бір қараған келіншек қабағын шыта қайта орнына келіп отырды. Осы кезде жас әйелдің бойында бар екенін байқалды. Жылы шырай танытып, тіпті сөзге тартқысы келді. Бірақ, өзі көңілсіз отырған жан қайтарып тастай ма деп батпай, қайтадан аяқ астында жатқан шиша қалдықтарын кері ысырып, жолда зулаған көліктерге қарап отырды. Ысылдап-пысылдан үлкен автобус келіп тоқтады. Ішінен екі-үш адам түсті де, өз жөнімен кете барды. Мінетін адам болмаса мен кеттім, дегендей алып көлік ышқына бір тартынды да жөнеп берді.
Адамдар да осылай екен-ау. Тура автобус сияқты. Біреулер өмір кемесіне мініп жатады, біреулер түсіп жатады. Әркім өз аялдамасынан мініп, өз аялдамасына жеткенде түсіп қалады. Белгіленіп берілген жерде жүреді, уақыты келгенде орнын өзгеге босатып, қол бұлғап қала береді.
Алмасқан аласапыран дүние…
Жанында отырған келіншек мінетін автобус емес екен бұл да. Қария, бұл жолы дауысын сәл қырнап алды да, келіншекке тік қарады. Ол да бұған қарап, сұрақ күткендей отыр екен.
-Қызым, айып етпессің, қанша ай болды? Уақытың келіп қалған жоқ па? Мына отырған жер де салқын. Суық тиіп қалмай ма?, — деп кібіртіктей сөз бастады қария.
-Жоқ, ештеңе етпейді, деп суық жауап берді келіншек.
-Отбасың, әке-шешең бар ма?
-Бар, әрине.
-Мм, дұрыс екен.
Біраз үзілістен кейін қасында отырған келіншек өзі сөз бастады.
-Әкем бар. Жасынан өте мәдениетті, елге сыйлы азамат болған. Бәрімізді бағып-қағып өсірді. Анам қайтқаннан кейін тым тұйықталып қалды, тіпті жан-жағына, біздерге назар аудармайтын болды. Бұрынғы, үнемі көңілді жүретін, жан-жағын күлкіге қарық қылатын, балаларын жанындай жақсы көретін, немерелері үшін жанын беруге даяр тұратын әкемді сағынам қазір.
-Сонда әкеңіз көшіп кетті ме?
-Жоқ, көшкен жоқ, жаны, ойы бізбен емес. Тым алыста. Оны өзі де білмейді. Кейде, тіпті жас бала сияқты болып қалғанын көргенде жанымды қоярға жер таппаймын, — деген келіншек жылап жіберді.
-Қой айналайын, жылама, — деп жұбатпақ болған қария қапелемде одан ары не айтарын білмей қалды.
-Менің де балаларым бар, мен де оларды…
Менің балаларым бар ма? Қайда олар? Мен неге мұнда отырмын? Менің әйелім қайда?
Бір сәт бар дүние зымырай айналып, ары-бері жүрген адамдар, жөңкілген көлік, айнала ағаштар дөңгеленіп кеткендей болды. Әне-міне құлап қалатындай болған, әлгі келіншек келіп қолынан сүйей берді.
-Папа, кеттік үйге. Жаурап қалдың. Қан қысымың түсіп кетті ғой. Үйге барайық.
Келіншек жүзіне аңтарыла қараған қария: «Папасы несі, не айтып тұрсың қарағым, қандай үй?».
Бірақ, қарсылық танытпады.
Зуылдаған көлік, қаланың шуы естіліп тұрған жоқ. Арттағы өмір, қазіргі беймәлім шақ, алдағы күндер. Суға жазылған сөздей. Ізі жоқ.
Үлкен автобустан адамдар түсіп жатты, бірі мініп кетіп барады.
Аялдама. Алмасқан аласапыран дүние…
Жандос Омаров, ҚР Журналистер одағының мүшесі