Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтар үшiн осы Заңның негiзiнде мемлекеттiк мiндеттер атқаруға уәкiлеттi адамдар мен оларға теңестiрiлген адамдар жауапты болады. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттi адамдарға барлық лауазымды адамдар, Парламенттiң және мәслихаттардың депутаттары, судьялар, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңдарына сәйкес барлық мемлекеттiк қызметшiлер жатады.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектiлерiне лауазымды және мемлекеттiк мiндет атқаруға уәкiлеттi өзге де адамдарды немесе оларға теңестiрiлген адамдарды сатып алуды жүзеге acыpушы, сол сияқты оларға заңға қайшы мүліктік игiліктер мен артықшылықтар беретiн жеке және заңды тұлғалар да жатады.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстар және әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар үшiн қылмыстық жауаптылық пен жаза, әкiмшiлiк жауапкершiлiк пен шара тиiсiнше Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде және Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнде көзделеді.
Барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті.
Мысалы осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының өкімімен Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінде дербес құрылымдық бөлімше Ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімі құрылды.
Осындай құрылымдық бөлімшелер облыстық және оларға теңестірілген соттардың кеңселерінде құрылды. Бұдан басқа, судьялық корпус пен сот қызметкерлерінің қызметінде сыбайлас жемқорлықтық факторларының алдын алу үшін және шұғыл шара қабылдау мақсатында, бөлім «сенім телефоны» (Call-центр) бойынша жұмыс жүргізуде.
А.Орумбаев, Қордай аудандық соты әкімшісінің аға сот приставы