Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жұмысы қашанда қатерге толы. Бір адамды қатерден аман алып қалудың өзі қаншалықты күшті, жауапкершілікті, ерлік пен өрлікті талап етеді. Жүгі ауыр салада жанкештілікпен еңбек етіп жүрген мамандардың арқасында талай өрт ауыздықталып, талай жан аман қалды. Кейде өз өмірі мен денсаулығын қатерге тігіп, өзгенің жанын сақтап қалсам деген көзсіз батырлықта осы жандарда болады.
Төтенше жағдай саласының қызметкерлері от пен судың ортасында жүріп, түрлі апаттармен арпалысып, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалды.
Қанат Иманқұлов басқаратын Қордай аудандық төтенше жағдайлар қызметінде жұмыс жүйелі жолға қойылған. Қазір 2 өрт сөндіру депосы қызметін атқарып келеді. Қордай аудандық №15 Өрт сөндіру бөлімі ғимараты сонау 1956 жылы пайдалануға беріліпті. Осыған дейін ескі ғимаратты паналап келген ТЖ қызметкерлері келесі жылы жаңа депоға қоныс аударатын болады. Оның құрылысы қазір Қордай ауылы жанынан бой көтеруде. Техникалық жағдайға келер болсақ, қордайлық құтқарушылар «Камаз» маркалы 3 бірлік өрт сөндіру көлігімен және «УАЗ» маркалы автокөлігі авариялық құтқару құрал-жабдықтарымен кезекшілік қызметтерін мүлтіксіз атқарып келеді.
Ал, Отар ауылындағы №4 Өрт сөндіру бекеті 2008 жылы құрылған. Онда «Урал» және «Камаз» маркалы арнайы жабдықталған автокөліктер төтенше жағдайлардың алдын алуға жұмылдырылған. Өрт сөндіру бекеті енді Сортөбе ауылында да болады. Онда да жаңа құрылыс қарқын алған.
Қордайлық Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар 2023 жылғы 9 айында аудан аумағында 59 өрт ошағын ауыздықтап, 117 жану оқиғасына жедел жеткен, сонымен бірге 38 авариялық-құтқару жұмыстарына шығып, өз кәсіптеріне адалдықтарын іспен дәлелдеген.