МИНУТТАР ШЕШУШІ РӨЛ АТҚАРҒАНДА

0

«Қордай шамшырағы» аудандық қоғамдық-саяси газетінің айдары аясында біз бұл жолы ел қауіпсіздігін күзетіп, адам өмірін арашалауды басты міндетіне айналдырған Қордай аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің тыныс-тіршілігімен таныстық. Сырт көзге дабыл түскенде оқиға орнына асығатын мамандардың қызметі болып көрінгенімен, оның ар жағында үздіксіз дайындық, қатаң тәртіп, үлкен жауапкершілік пен адам өміріне деген жанашырлық жатыр.

Қауіп төнгенде – құтқарушы, жауапкершілік жүктелгенде – кәсіби маман. Өрт шыққанда, түтін басқанда немесе тосыннан төтенше жағдай орын алғанда, әрбір секундтың бағасы артады. Осындай сәтте адамдардың үміті – көмекке асыққан құтқарушыларда. Олар үшін уақытпен санасу ғана емес, уақытты ұтымды пайдалану да аса маңызды. Себебі дер кезінде қабылданған шешім мен жедел әрекет адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. 19 қазан – Құтқарушылар күні. Бұл – қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, өзгелердің өмірі мен қауіпсіздігін өз міндетінен биік қоятын жандарға құрмет көрсететін күн.

Алайда қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысы дабыл қоңырауы соғылмай тұрып-ақ басталады. Өрттің алдын алу, талаптардың бұзылуын анықтау, қауіпсіздік ережелерін еске салу – төтенше жағдайдың орын алмауы үшін жасалатын маңызды қадамдар. Сондықтан аталмыш бөлімінің қызметінде мемлекеттік бақылау мен өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуының алдын алу жұмыстарына ерекше мән беріледі.

Мәліметке сәйкес, 2026 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша бөлімнің есебінде 1469 нысан тіркелген. Олардың 275-і жоғары тәуекел дәрежесіне жатады. Профилактикалық бақылаудың жиілігі нысанның тәуекел санатына және заңнама талаптарына сәйкес белгіленеді. Жоғары тәуекел дәрежесіндегі нысандарға тексеру жылына бір реттен, орташа тәуекел дәрежесіндегі нысандарға екі жылда бір реттен жиі жүргізілмейді. Ал төмен тәуекел дәрежесіндегі нысандарға заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, профилактикалық бақылау жүргізілмейді. 2026 жылдың тоғыз айында мемлекеттік инспекторлар өрт қауіпсіздігі саласында 80 тексеру жүргізді. Әрбір тексеру қауіпсіздік талаптарының сақталуына назар аударып, анықталған кемшіліктерді уақтылы жоюдың маңыздылығын көрсетеді. Профилактикалық бақылаумен қатар инспекторлар жоспардан тыс тексерулер де өткізеді. Есепті кезеңде мұндай тексерулердің саны 44-ті құрады. Оның ішінде екеуі бұрын берілген нұсқамалардың орындалуын бақылауға байланысты болса, тағы екеуі прокуратура органдарының тапсырмалары бойынша жүргізілді. Ал 42 тексеру жедел ден қою шаралары аясында жүзеге асырылды. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды тетіктердің бірі – әкімшілік жауапкершілік шараларын қолдану. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-бөлігі бойынша бес әкімшілік іс жолданған. Құтқарушылардың жұмысы көбіне тыныш әрі болжамды бола бермейді. Олар кез келген уақытта әрекет етуге дайын болып, күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдап, өзгелер абдырап қалған сәтте сабырлылық таныта білуі керек. Дегенмен олардың қызметіндегі тағы бір маңызды бағыт – профилактика, түсіндіру жұмыстары мен бақылау. Бұл шаралар қауіптің алдын алып, оның орны толмас қасіретке айналуына жол бермейді. Құтқарушылар күні қарсаңында Қордай ауданы тұрғындарының қауіпсіздігін күзетіп жүрген барша азаматқа алғыс білдіргіміз келеді. Шақыртуларға жедел жетіп, қауіп-қатерді жоятын, төтенше жағдайлардың алдын алатын және күн сайын өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жандарға зор құрмет! Олардың еңбегі тек шақыртулар мен тексерулердің санымен өлшенбейді. Еңбектің ең жоғары бағасы – алдын алынған төтенше жағдай мен аман қалған адам өмірі.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.