«ӨЛІ РАЗЫ БОЛМАЙ ТІРІ БАЙЫМАЙДЫ»

0

Құрметті ардагерлер! Құрметті аудан тұрғындары!

Қордай аудандық ардагерлер кеңесі жылдағы дәстүр бойынша аудан тұрғындарына күзгі санитарлық тазалық бойынша үндеуін жариялап  отырмыз. Туған  үйін, туған ауылын тазалықта ұстау, көк  желең ағаш отырғызып ауылды көгалдандыру әр азаматтың басты міндеті. Сондай-ақ, ата-салтымызды насихаттау, болашақ жастарға үйрету, үлгі ету де құрметті ардагерлер біздің борышымыз деп білеміз.

Бірақ, өкінішке орай, аталған мәселелер толық орындалмай отыр. Соның бірі зираттарды тазалау мәселесі.

«Өлі разы болмай, тірі байымайды!» деген атадан қалған нақыл сөз бар. Біздің әке — шешелеріміз, ата – аналарымыз, бауырларымыз сонда жатыр, ертең біз де сонда барамыз. Сондықтан да құрметті аудан тұрғындары, ардагерлер, ақсақалдар! Осы мәселелерді ауылдарыңызда жиындарда қарап, ақылдасып, бір тәртіпке келтіруіміз қажет.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйғарымы бойынша сәуір-қазан айлары  зираттарды тазалау, тәртіпке келтіру мерзімі болып белгіленген, бірақ осыны әлі ешкім, толық орындамай отыр.

Салт-дәстүрлерді орындауда  да дарақылық әлі тыйылмай тұр. Ауылдағы имамдар мен ақсақалдар да осы мәселелерге келгенде белсенділік танытпауда. Ауданда аста-төк ас-жиындар, түн жарымына дейін созылатын тойлар тыйылмауда.

Сіздер, өмір көрген, жақсы мен жаманның ара-жігін айыра алатын, аталы сөз айта алатын ел ақсақалдары ретінде жаман әдеттерден тыйылатын, ырыс-берекенің қадірін білетін болғандықтан жұртшылыққа, аудан тұрғындарына, әсіресе, тез еліктегіш жастарға әкелік қамқорлықтарыңызды, жанашырлықтарыңызды білдіріп төмендегідей ұсыныстарымызды ашық хат ретінде ортаға салайық.

 Ауыл әкімдеріне:

1) Зираттар үшін тұрақты пайдалануға нақты жерлерді белгілеп, шекарасын анықтап, сенімдік басқаруға мешіттерге тапсыру мәселесін ауыл әкімінің қаулысымен заңдастыру;

2) Зираттарды қоршау мәселелерін ауыл тұрғындарының жиындарында қарап, мүмкін болғанынша бюджеттен қаржы бөлдіру, тұрғындардан қаржы жинау арқылы шешу;

3)  Қайтыс болған адамдардың орнын дайындайтын адамдарды топтастыру, оларды құрал-сайманмен қамтамасыз ету мәселелерімен айналысу;

4)  Ауыл тұрғындарының дәстүрлерін ескере отырып, қайтыс болған адамдардың қонақ асын, жылдық асын берудің баршаға ортақ тәртіппен, қарапайым дастархан мәзірімен өткізу; 3-7-гін үйінде өткізу. 40-да және асында еске алу, көп сөйлеуге болмайды. Жаназа дастарханынан ас алып кетуге болмайды;

5) Той-думандарды түнгі сағат 12-дейін аяқтау, лажы болса күндіз өткізуді ұйымдастыру, тойға уақытында келуді қалыптастыру және халал өткізу.

 Ауылдық имамдарға:

1)  Зираттарда қайтыс болған адамдардың орнын белгілеу, жерленген адамдардың тізбесін жүргізу. Жаназаны тек ауыл имамдары жүргізу. Егер сырттан шақырылатын имамдар болған жағдайда ауылдың имамынан рұқсат алынсын;

2)  Зираттардың жай – күйін қадағалау, туыстарын тәртіпке келтіруге шақыру, ұсыныстар беру;

3)  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаназа өткізу тәртібі туралы пәтуасын тұрғындар арасында насихаттау және жұртшылықты кеңінен хабардар ету. Бұл істі жергілікті ардагерлер кеңестерінің мүшелері мен беделді ақсақалдармен бірлесе отырып жүргізу;

4)  Намаз өткізу кездерінде жастарды жат діндерден (салафизм, ваххабизм) сақтау, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр-салт аясындағы Абу-Ханифа мазхабын насихаттау.

 Аудан түрғындарына:

1)  Жерлеу және жаназа мәселелерін тек мешіттер және имамдар арқылы рәсімдеу;

2) Әр жылдың сәуір және қазан айларын  зираттарды  тәртіпке келтіру күні деп белгілеп, биыл  28 қазан күні зираттарды тазалауға сенбіліктерге шығу;

3) Өңір халқының дәстүрлерін ескере отырып, қайтыс болған адамдардың қонақасы мен жылдық асын берудің баршаға ортақ тәртібін қалыптастыру. Қазаға жайылған дастархан өте қарапайым болғаны дұрыс. Оған ет, күріш, шелпек, бауырсақ, тәттілер,құрма, өрік, мейіз, жаңғақ, жыл мерзіміне қарай ұлттық тағамдар қойылған жөн;

4) Қыз бала тәрбиелеу ісіне аса көңіл бөлуді, оларды болашақ ана болуға, «Қызға 40 үйден тыю» мағынасында  тәрбиелеуді жолға қою;

5) Ұл-балаларды мемлекетіміздің патриоты болуға тәрбиелеуге, қазақ халқының дәстүр-салтын сақтауға, «Үлкенге құрмет, кішіге ізет аясында тәрбиелеуге шақырамыз.

Құрметті аудан тұрғындары!

Біздің осы ұсыныстарымыз Сіздердің тараптарыңыздан түсіністікпен қабылданады, аудан, ауыл мешіттерінде жұртшылықтың кеңінен қатысуымен талқыланады, сөйтіп, атадан-балаға мирас болып келе жатқан мұсылмандық салттарды қатаң сақтауға шақыруымыз әр жүрекке жетіп, ысырапшылдық, мақтаншылық сияқты жаман сипаттардан арылуға көмектеседі деп үміттенеміз.

Бүгінгі және келер ұрпақтың жағдайын ойлау, жат әдеттерден сақтандыру біздің, ардагер-ақсақалдардың парызы. Сол үшін де осы Үндеуді жолдап отырмыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.