Өмірде неше түрлі оқиға бар. Жағдайын айтып, жалына көмек сұраған досына жаны ашып, несие алып беріп, ақыр соңында сол несиені өзі төлеп жүрген адамдарды да көрдік. Киім-кешек, аяқкиім алғызып, келінін «Kaspi Red»-ке отырғызып қойған ене де бар. Осының бәрі ойланып қарасаңыз, қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан. Ешқашан туысыңыз бен бауырыңызға, керек десе ата-анаңызға өз атыңыздан несие әпермеңіз. Себебі оның ниеті түзу болғанымен, қаржылық жағдайы күрт өзгеріп, несиесін өтей алмайтын болса, арада салқындық орнайды. Осындай кейіпкердің бірі – Жания Тымбаева. Ол бір емес, екі мәрте біреуге несие әперген. Ең алғаш рет әріптес құрбысы магистратураның, яғни оқуының ақшасын төлей алмай жатқандығын айтып, бұған 550 мың теңге несие әперуді өтінген. Бұл досы болғандықтан «қиналғанда көмектесейін» деп екінші деңгейлі банктен онлайн несие рәсімдеген. Бірінші айды жақсы төлеп, екінші айынан бастап досы несиені кешіктіріп төлеп жүрген. Қарыздың ауыртпашылығынан қорыққан бұл кезекті еңбек демалысындағы ақшамен несиені түгел жапқан. Ал дос қызы сол күйі қалған ақшаны бермеген. Жұмысында күнде көріп жүргендіктен екеуі әлі де араласады. Арасында «ақша үшін ұрыспайық» деп жаңағы құрбысы айтатын көрінеді. «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген нақылды ескермеген Жания одан кейін інісіне де алданыпты.
– Інім тапсырыс берушілерге тауар жеткізуші болып жұмысқа тұрды. Қатты аяз болған кезде ол телефоны өшіп қала беретінін айтып, несиеге «iPhone 14» маркалы смартфон алып беруімді өтінді. Алдыңғы жағдайлардан кейін маған несие берілмейтін болар деп ойлағанмын. Інім қоймаған соң, өтініш бердім. Тағы да оң жауап келді. Солай екі жылға 300 мың теңгеге заттай несие алдық. Басында ай сайынғы төлемді өзі өтеп жүрген. Жақында тағы да банктен мамандар хабарласа бастады. Олар «Ай сайынғы төлемді неге кешіктіріп жатырсыз?» дейді. Сөйтсем, соңғы үш айда төлем жасалмаған. Несие тағы да сот орындаушыларына өтіп кеткен екен. Соңғы алты айы қалған еді. Енді тағы да несиені өзім төлегелі отырмын. Ал інім жұмысынан шығып қалды. Сол себептен де төлей алмай жүрген болар, ініммен арақатынасымды бұзғым келмейді, – деп түсіндірді Жания.
Өзгені емес, өзіңді жарылқайтын заманда жып-жылы қарым-қатынасты бұзбау үшін бір рет «жоқ» деп айту ең дұрыс шешім екен. Өйткені несие атаулы отбасы жылулығын бұзып бітті. Бауырына әперген қарызын даулап жүргендер де көп немесе іштей «ұят болады» деп үндемей, алайда туғанымен араласпай кететіндер де бар. Сондықтан бір рет қана жаманатты болып, досқа, бауырға, туысқа несие әпермеген жөн. Бұны қаржы маманы Гүлмира Қарасайқызы да растап отыр. Тіпті психологтар да адамға «арақатынасты ақша бұзбасын» деген ниетті ұстану керектігін айтады. Әрине ешкім кредитті жетіскеннен алмайды. Әйтпесе білім алғың келсе де несие немесе баспаналы болғың келсе ипотекалық несие, кәсіп ашқың келсе де, тіпті мал баққың келсе де мәселе несиеге барып тіреледі. Қазақ қайбір жетіскеннен қарызға батып жүр дейсің?! Бүгінгі қайыршы тірліктің бетін бүркемелеу үшін, өзін әйтеуір бір кәсіппен алдап, нан табу, бала-шағаны жерге қаратпау үшін, екі бетін шарық қылып қарыз алып, оны қарызбен жауып жүр.
Кейбіреулер өзгеге несие әперерде қолхат жаздырып алады. Бүгінде бұл қолхаттың да кәдеге жарап тұрғаны шамалы. Егер нотариуске барып, заңды түрде қолхат жазылса, онда бұл іске жарамды. Яғни, өзіңді сақтандыра аласың. Ал жай ғана ақ параққа жаздырып алған мөрсіз қолхат заңды түрде қаралмайды. Несие алдырушы адамның «қарызды өзім төлеймін» деп жазып берген қолхатының заңды күші бұл жерде жарамайды.
Адамдар біреуге қарыз алдырып, не себепті төлемей кететінін психолог Әли Әзберген бізге барынша түсіндіріп берді.
– Жиырма бес жылға жуық тәжірибемде осындай мәселемен көп адам келді. Топшылауымша, туысына, жақын адамына, тіпті бейтаныс біреуге несие алып бере салатын адамдардың басым бөлігі – көпбалалы отбасында өскен, мойнына шектен тыс міндет жүктелгендер. Көп жағдайда үйдің үлкені болуы мүмкін. Олар бейсаналы түрде барлық адам үшін жауапкершілік арқалауды өзіне міндет сезінеді. Өзінің ішкі «менін» толықтыру үшін айналасындағы адамдарға шектен тыс көмек көрсетуге бейім болады. Мейлі, өзінде ақша жоқ болса да, қолындағы соңғы ақшасын бере салады немесе несие алып береді. Ал басқа біреуге несие алдырып, төлемей кететін адамдарға келсек, олардың да әрекетін психология түсіндіре алады. Бұл жерде «бейсаналы қарыз» деген мәселе бар. Оны осыдан бірнеше жыл бұрын қабылдауыма жазылған клиентімнің оқиғасы арқылы байланыстырып айтып берсем де болады. Оны кішкентай кезінде анасы өзінің бауырының тәрбиесіне берген. Бірақ бұл жағдайды ресми түрде балаға түсіндіріп, талқыламаған. Клиентім нағашысының бүкіл баласын бағып, қараған. Қысқасы, өзінің балалығы болмаған, – деп топшылайды ол. Біреуге несие алдырып төлемей кететіндер сол пиғылын табыс көзі ретінде қарастаруы да мүмкін. Ал мұндай мәселеге заң не дейді? Республикаға танымал заңгер Гүлмира Қарасай бұл салада өте тәжірибелі маман.
– Бұл өте кең таралған тәжірибе. Адамдар несие тарихының нашар екенін айтып, біреуге банктен қарыз алып беруді өтініп, төлеуге келген кезде не жоғалып кетеді, не ақшасы жоқ екенін айтады. Соңында қайырымдылық танытып, несие алып берген адам зардап шегеді. Қайткен күнде де қарызын өтеуі керек. Сома аз болса жақсы. Ал кейде мүлкін кепілге қойып, өте көп мөлшерде несие алып беретіндер де болады. Мұндай кезде кепілзатты алып қоюы да мүмкін. Несиені өзіңіз қайтарған соң, сотқа жүгініп, қолхат бойынша қарызды өндіріп алуға болады. Бірақ, біріншіден, бұл уақытты талап етеді. Екіншіден, білікті заңгер табу керек. Ең бастысы, көп жағдайда борышкерден ештеңе ала алмай жатады. Себебі ол не ресми түрде жұмыссыз, не мүлкі жоқ болып шығады. Сөйтіп, сот шешімдерін орындау үшін борышкерлердің базасында жай ғана ілулі тұрады. Ал мұндай адамдар Қазақстанда өте көп, – дейді аталған заңгер. Қарыз деген сөздің өзі құлаққа түрпідей тиеді. Негізі «жолдастық қарыз», «ата-ана алдындағы қарыз» дегенді біз парызға балаушы ек. Ал бұл күнде бұл сөз банкке, адам-адамға қарыз деген мағынада өрбуде. Жалпы, қарыз алу деген адам аса қызығатын нәрсе емес. Бүгінде кім-кімнен қарыз сұрамайды, кім-кімге қарыз емес десеңізші! Бастысы қарыз алған адам оны уақытылы қайтаруы қажет.
Эльмира Байназарова