«Ауыл аманаты – ел аманаты» атты «Аманат» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Qazaqstan dauiri» газеті, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтымен бірлескен экспедициясының Жамбыл облысындағы сапары Қордайда жалғасын тапты.
№51 орта мектепте өткен келелі кездесуге «Qazaqstan dauiri» газеті директоры-бас редакторы Сәуле Мешітбайқызы «AMANAT» партиясы Қордай аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Қарабаев және ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары мен педагогтар қатысты. Жиынды ашқан Бейқұт Тлебалдыұлы қоғам қайраткері, Еланасы Сәуле Мешітбайқызы өзі бас болып жүрген экспедицияның мән-маңызы, бағыты турасында айтып өтті. Жалпы ұлттық құндылық төңірегінде әңгіме өрбіген жиынның өзегі ұлт тәрбиесі, жастар болашағы, ел тыныштығы турасында болды.
-Еліміздің қай өңірінде қандай жағдай болмасын, Сәуле Мешітбайқызы сол орыннан табылады. Әрдайым ел ішінде, жабыққанға тіреу, жасығанға жұбату айтып, болған оқиғаның мән-жайын терең зерттеп, соның шырылдаған шындығын жалпыға жария етіп қана қоймай, шешімін табар жолын айтатын Еланасының бүгінге атқарып отырған жұмысы орасан. Біз осы үшін де құрметтейміз, әрдайым мақтан тұтамыз, — деген Бейқұт Жамангозов сөз кезегін қадірлі қонаққа берді.
-Мен ең алдымен — анамын. Содан кейін ғана басқа жолдарды айта аламын. Ал осылайша жүруіміз, ел ішінде сыйлы бола алуымыз ең біріншіден ұстаздығым. Ұзақ жылдар ұстаздық қызмет етіп, кейін журналистика саласына келіп, үлкен халықаралық деңгейдегі газетке басшылық жасау арқылы мұнда да айтарымыз, алда жазарымыз көп екенін ұққан жанмын. Осының ішінде мені ел аралатып, жұртпен етене етіп отырған мәселе – ол ұлттық құндылық. Бүгінде сол құндылықтан айырылып қалатын жағдайға жетіп отырмыз. Оған себеп болып отырған дүниенің бірі қолымызда ұстап жүрген телефондарымыз. Санамыздағы ұлттық рух төмендеп кетті. Жастар соқыр фанатизмге, радикализмге итермелейтін жат ағымдарға әуестеніп, әлеуметтік желіде сананы улайтын ақпарат ағымына алданып барады. Соның ішінде құмар ойын талай жасты қыршынынан қиып, отбасында үлкен проблемалар туындатуда. Бұл ұлттық мұратымызға, тұтастығымызға төнген қауіп! Атаның батасын, әкенің ақылын, ананың өнегесін бойына сіңіре білген намысшыл халық ұрпағы тоз-тоз болмасын десек жылдамырақ ес жиғанымыз абзал. Мемлекет тарапынан да бұл бағытта көптеген жұмыстар қолға алынып жатыр, алайда ел болып жұмылмасақ барлығы бекер, — деген Сәуле Мешітбайқызы жастардың білімге әуестігі, кітап оқуға, газет-журнал қарап, салт пен дәстүрге қайтару жолында талмай қызмет жасау әсіресе бүгінге педагог болып жүрген жандарға үлкен жүк болып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, қазіргі ата-ана тәрбиесіне де мән беріп, қажет болған жағдайда тіпті заң жүзінде бұл мәселенің қарастыру қажеттілігін баса айтты.
-Бізге қазір ұлттық идеологияны пысықтау ауадай қажет. Бұл сұрақты үнемі назардан тыс қалдырмай, ақпарат құралдары арқылы қоғамдық пікірді осы мәселеге аударып, зиялы қауым бұған белсене қатысып, бір ортақ тұжырымға келсек нұр үстіне нұр болар еді. Бұл турасында өзіміздің «Қазақстан дәуірі» газеті айтуындай атып, жазуындай жазып келеді. Балақайлар санасына білім нәрін сепкен «Мөлдір бұлақ» журналымыз тағы бар, — деп сөзін сабақтады Еланасы.
Келесі кезекте Ноғайбай ауылдық округінің әкімі Ерсерік Ешмұрат сөз сөйлесе, білім бөлімінің әдіскері Ақмарал Конбаева аудан мектептерінде осы ұлттық құндылықты дәріптеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, бұл мәселе әрдайым назарда екенін алға тартты. Ал, №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия директоры Суджата Сарғасқаева мектеп пен ата-ана қарым қатынасы, ата-ана жауапкершілігі турасында сөз етіп, алыстан ат терлетіп келген Сәуле Мешітбайқызына алғысын білдірді.
Осы орайда Еланасы жақында ғана ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен болған сұхбат барысында бұл мәселені көтергендігін айтып, алдағы уақытта да қолдан келгенше жауапты орындарға жеткізуге жәрдем ететінін айтты.
Кездесу соңында жиналған қауым құрметті қонақпен бірге естелік суретке түсіп, алдағы уақытта тағы жүздесуге уағдаласып жатты.
Жандос Омаров