Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі — сыбайлас жемқорлықпен күресу. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе, ел ертеңі жастарымызға жемқорлықтың алдын алу мақсатында жүргізілетін іс-шаралардың маңызы зор. Осы ретте Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхармен арнайы сұхбаттасып, өңірдегі жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың қалай жүзеге асырылып жатқанын сұрадық.
— Жомарт Дүйсенұлы, өзіңіз жетекшілік ететін басқарма сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында қандай іс-шаралар өткізеді?
— Сыбайлас жемқорлық адамзаттың, қоғамның дамуына өз кесірін тигізетіні анық. Сол себепті де жастар мен жасөспірімдер арасында сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру өте маңызды. Егеменді еліміздің жарқын болашағы үшін, өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз үшін жемқорлық дертімен жұмылып күресуіміз керек.
Осы орайда, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының үйлестіруімен Тараз қалалық және аудандық «Жастар ресурстық орталықтары» тарапынан жыл басынан бері жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және парасаттылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған түрлі форматтағы 9031 адамды қамтыған (қала — 1 710, аудандар — 7 321)
440 іс-шара (қала — 41, аудандар — 399) ұйымдастырылды.
Сондай-ақ жыл басында басқарманың 2023 жылға арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» бойынша салааралық жоспары бекітілді. Аталған жоспар 13 тармақтан тұрады. Осы жоспар аясында облыстық, қалалық және аудандық «Жастар ресурстық орталықтары» жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырды. Атап айтсақ, «Жастар жемқорлыққа қарсы» тақырыбына дөңгелек үстел, «Жемқорлық — қоғамдағы кемшілік» тақырыбына кездесу, «Жастар жемқорлықсыз қоғамды таңдайды» тақырыбына семинар-тренинг, «Біз жемқорлыққа қарсымыз!» атты флешмоб және тағы басқа да іс-шаралар өткізілді.
— Сыбайлас жемқорлықпен күресте жастарды ақпараттандыру жұмысы да өз жемісін береді емес пе?
— Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған Тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде халықтың, әсіресе, жастар арасында жемқорлық көріністеріне «нөлдік төзбеушілікті» қалыптастыру мақсатында біздің басқарма мен «Jambyl-adaldyk alany», «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы арасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы меморандум аясында «Жастар жемқорлыққа қарсы» тақырыбында түсіндірме жұмыстары, «Сыбайлас жемқорлық — қоғам дерті» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы және «Жемқорлық – індетін, жою міндет)» атты жемқорлықтың алдын алу бойынша акция өткізілді.
Сондай-ақ басқарманың бастамасымен жастар арасында парасаттылық мәдениетін ілгерілету және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында облыстық Жас көшбасшылар пулы жасақталды. Онда тұрақты негізде жастармен, жастар қозғалысының жетекшілерімен «Ted-x», «Печа-Куча» форматындағы заманауи еркін пікір алмасу, ой-талқы алаңдарындағы кездесулер ұйымдастырылып тұрады.
2022 жылдың тамыз айында облыстық прокуратурамен бірлесіп, 2022-2025 жылдарға арналған жастар арасында отансүйгіштік рухты тәрбиелеуге, құқықтық мәдениетті көтеруге, рухани-ізгілік және патриоттық құндылықтарға баулуға, жұмыссыздықты жоюға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған бірлескен кешенді жоспар бекітілді. Осы жоспар аясында биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті тарапынан Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенттер үйінде «Парасатты тұлға – адал қоғамды қалыптастырудың негізі» тақырыбында TedХ форматында конференция, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Саналы ұрпақ» жобасы аясында студент жастардың ақыл-ой тапқырлығы мен жылдамдығын бақылау және жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Парасат жолы – адалдық жолы» атты брейн-ринг интеллектуалдық ойыны, М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Таза сессия» акциясы ұйымдастырылды.
Жуырда, 11 қазан күні Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының жанынан «Волонтерлер фронт-офисі» ашылған болатын. Алдағы уақытта аталған фронт-офисте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Айбек Әжібаев, «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» Республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев және облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Теміржан Ізтілеуовтің қатысуымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және парасаттылық мәдениетін қалыптастыру мақсатында жастар ұйымдарының жетекшілерімен, белсенді, ерікті жастармен еркін форматта кездесу өткізу жоспарлануда.
— Өзіңіз қалай ойлайсыз, жастардың сыбайлас жемқорлыққа төтеп беруі үшін әлі де не істеуіміз керек?
— Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес жүргізу тек мемлекеттік органдардың ғана емес, барша жұрттың алдында тұрған үлкен міндет екенін ескере кетсек, осы қоғам дертіне қарсы бәріміз жұмылып күресуіміз керек. Жастарға жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылатын іс-шаралар мұнымен тоқтамайды. Біз көбірек насихаттаған сайын, оның зардабы мен залалын түсіндірген сайын, жастарымыз ой түйеді, дұрыс түсінік қалыптастырады. Біз қоғам болып, бүкіл ел болып осы індетпен күрескен кезде, белгілі бір нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын.
— Әңгімеңізге рахмет!
Мақпал Ноғайбаева, Жамбыл облысы