СОТ ЖҮЙЕСІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ

0

Тіл – әрбір халықтың баға жетпес байлығы, ұлттық болмысы мен рухани құндылықтарының негізі. Ана тілі арқылы ұлттың тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен дүниетанымы ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Сондықтан мемлекеттік тілді құрметтеу, оның қолданыс аясын кеңейту және дамыту – әрбір азаматтың міндеті.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Бұл Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген. Мемлекеттік тіл – еліміздің тәуелсіздігін, бірлігін және ұлттық тұтастығын айқындайтын маңызды құндылықтардың бірі.

Бүгінгі таңда тілдің қоғам өміріндегі рөлін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Білім беру, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары және мемлекеттік басқару салаларында қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту және оның қоғамдық өмірдегі жетекші орнын қамтамасыз ету.

Оның дамуы мемлекеттік органдардың қызметінде де маңызды орын алады. Құжат айналымында, азаматтармен қарым-қатынаста және ресми іс-шараларда қазақ тілін сауатты әрі дұрыс қолдану – мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мәдениетінің көрсеткіші. Әсіресе, сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданысын қамтамасыз ету құқықтық мәдениетті қалыптастыруда ерекше маңызға ие.

Сот саласында қазақ тілінде іс жүргізу, сот актілерін мемлекеттік тілде әзірлеу және азаматтардың мемлекеттік тілде өтініш білдіруіне жағдай жасау – заң талаптарын орындаудың маңызды бағыттары. Бұл ретте азаматтардың заңмен белгіленген тілдік құқықтарын сақтау және сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету басты назарда болуы тиіс.

Мемлекеттік тілді дамыту тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір азамат қазақ тілінде сөйлеуге, сауатты жазуға, оның байлығын бағалауға және жас ұрпақтың мемлекеттік тілді құрметтеуіне үлес қосуға тиіс. Тілді күнделікті қарым-қатынаста қолдану арқылы ғана оның өміршеңдігі мен қоғамдық маңызын арттыра аламыз.

Мемлекеттік тіл – тәуелсіздігіміздің тірегі, елдігіміздің белгісі және ұлт руханиятының негізі. Қазақ тілін құрметтеу – Отанды құрметтеу. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтып, оның қолданыс аясын кеңейту жолында баршамыз бірлесе еңбек етуіміз қажет. Тілі дамыған елдің рухы биік, болашағы жарқын болады.

Е.ІЛИЯСОВ, Қордай аудандық сотының төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.